АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ ШАҒЫН ФУТБОЛДАН ЧЕМПИОН АТАНДЫ

Уақыты: 24.11.2021
Оқылды: 1305

«MFL Талдықорған» атты шағын футболдан өткен облыстық жарыстың күзгі маусымы өз мәресіне жетті. Осыған орай «Жастар-2» спорт залында жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті.

Шарада сөз алған «MLF Талдықорған» әуесқой футбол лигасының жетекшісі Нұрым Оразғалиев:

– Облысымызда шағын футболды жақсы ойнайтын, оған қатты қызығатын жастар өте көп. Осыған орай, әуесқой лига құрып, жыл он екі ай жастар мен жасөспірімдер арасында шағын футболдан жарыс ұйымдастыруды қолға алдым. Елімізде де футзал қарыштап дамып келеді. Өңірімізде шағын футболдан академия ашылса, бізден де кіл мықты ойыншылар шығарына сенімім мол, ­- деді.

Осыдан кейін облыс әкімі аппараты талдау бөлімінің басшысы Бағдат Ақылбеков, ­Ескелді ауданының әкімі Рустам Әли қатысушыларға ізгі тілегін білдірі, жарыс жеңімпаздарын марапаттады.

Айта кетейік, жарысқа 11 команда қатысты. Командалар айналмалы жүйе бойынша сынға түсті. Үш айға созылған доданың қорытындысы бойынша I орынды және 100 мың теңгенің сертификатын «Спорт басқармасы» командасы жеңіп алды. II орынды және 50 мың теңгені «BM Koksu» командасы еншіледі. III орын мен 30 мың теңгенің сертификатын «Almaty teleqom» командасы иемденді. Сондай-ақ, үздік ойын өрнегін көрсеткен ойыншылар да марапаттан тыс қалмады. Атап айтсақ, Дәурен Кеншінбаев «Үздік қақпашы», Нұржан Жеңісбеков «Үздік сұрмерген», Әділет Талғатов «Үздік ойыншы», Рахат Отызбаев «Үздік қорғаушы» номинациясына ие болды.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы