ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛЫ: СПОРТТА ЕЛ НАМЫСЫН ЖЫРТҚАН САҢЛАҚТАР

Уақыты: 02.12.2021
Оқылды: 1453

«Тәуелсіздік – маңдайға басқан бағымыз», – деп босқа айтылмаған. Өз теңдігімізді қолымызға алғаннан бері бүгінге дейін еліміздің сүйінші сұрайтын күні көп болды. Дәл осы тұста әлеуметтік-экономикалық жетістікті былай қойғанда мемлекеттің имиджін көтеретін спорт саласын бөліп-жарып айтқым келеді.

Қазақстан Республикасы ең алғаш дербес мемлекет ретінде Олимпиада ойындарына 1996 жылы қатысты. Атланта Олимпиадасына қазақтың көк байрағын көтеріп, қазақ спортшылары шықты. Салтанатты шеруде қыран қалықтаған көк Туды көтеріп шыққандар күллі әлем алдында Қазақ деген бір ел бар екенін көрсетті. Әлем картасында жаңа мемлекеттің белгіленгені сонда дәлелденді. Дүбірлі додада атой салған спортшылардың жарқын жеңісін көріп, әлем халқы жаңа чемпионды таныды, оның мықтылығын мойындады.

Міне, сол Атланта Олимпиадасына барған спортшылардың ішінде Жетісу жерінің үмітін арқалаған үш спортшы болды. Велошабандоз А.Кивилев, ауыр атлетші С.Пак және боз кілемнің шаңын қаққан М.Мамыров, Ермахан Ибраимовтың көк байрақты желбіретіп, топ бастаған серкедей, кеудесін үлкен мақтаныш кернеп, салтанатты шеруде алшаң басып жүргені осы күнге дейін ыстық жалыны басыла қоймаған көрініс деп айтар едім. Өйткені, алғашқы Тәуелсіз Қазақстанның Туы әлем жұртының алдында таныстырылып, рухты көтеретін тарихи кезеңге айналды. Одан кейін де талай мәрте қазақ жастары байрақ пен әнұранды шырқатты.

Дәл осы додада Қазақстан құрамасы 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль жеңіп әкелді. Соның ішінде жетісулық Мәулен Мамыров ағамыз қола жүлдені қанжығамызға байлады. Бұл біздің Тәуелсіз Қазақстан Республикасы ретінде алғашқы қатысқан Олимпиада ойындары болды. Сол кездегі алғашқы жеңіп алған жүлделер қазақ спортшыларының жолбастаушысына айналды. Ал енді сол Атланта Олимпиадасынан бастау алған ұлы көш бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді.

Отыз жылдың ішінде тарихи сәттердің куәсі болдық. Барлығымызға аян Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қай сала болсын қиындыққа тірелгені анық. Сондай тұралап қалған саланың бірі спорт еді. Басым көпшілік күнкөрістің қамымен еңбекке жегіліп, спорт залдары бос қалды. Спортпен шұғылданатын жастардың қатары сирегені анық. Оқу-жаттығу жиындарына да бару, ірі додаларға қатысу қиындыққа әкеп соқты. Әйтсе де жаңа бой түзеген мемлекет аяғын тәй-тәй басып, жантайып қалған елдің экономикасын көтерді. Елбасының саясаты жүзеге асып, Қазақ елін қиын-қыстаудан алып шықты. Аяғын нықтап, төрт құбыласын түгендеп, жасампаз елге айналдық. Ауыртпалықтың барлығы артта қалып, спорт саласының да тамырына қайта қан жүгіріп, ірі жеңістерге қол жеткізе бастадық. Тіпті, алғашқы Олимпиада ойындарынан кейін араға төрт жыл салып, Сиднейдегі сайыс та келіп жетті. Алғашқы сында үш алтынды олжалаған Қазақ құрамасына әлем спортшылары сескене қарап, жас мемлекеттің саңлақтарынан сақтанатын күнге қол жеткіздік. Сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандар бұл жолғы додада да олжалы оралды. Әу бастағыдай емес, елдегі спорт саласы дүркірей көтерлді. Спортшылардың жай-күйі жақсы, оларға көрсетілген қамқорлық та ерекше. Елдің еңсесі көтеріліп, Тәуелсіздіктің жемісін еркін татып, кез келген додаға именбей кіретін уақыт. Сынға түсетін әрбір спортшының бойынан рухты күш, сенім, айқын мақсат байқалады. Мұның барлығы Тәуелсіздіктің жігері деп білемін.

Спортшыға өзгенің Туын көтеріп, көңілді марқайтқаннан өз Отаныңның Гимнін шырқатудан асқан бақыт бар ма?! Ендеше Сидней аспанында да біздің мықтыларды жеңіске жетелеген осы тәуелсіздіктің жігері, тұла бойын шымырлатып, делебесін қоздырған да ұлттық намыс екені белгілі. 2000 жылы Сиднейден біздің ұландар 3 алтын, 4 күміспен оралды. Бұл бәсеке қазақ боксшыларының ең ірі жеңісі болып тарих бетінде қатталып қалды. Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің шежіресіне де алтын әріппен жазылды. Жиырма жасар Бекзат Саттархановтың жасындай жарқылдағанын күллі әлем көрді, оның тамаша өнеріне тамсанды. Тіпті, әлемнің бокс мамандары Бекзат теңдесі жоқ боксшы, ол бір емес, бірнеше дүркін Олимпиада чемпионы болатын талантты спортшы деп жарыса жар салды. Ал Ту көтерген Ермахан Ибраимов көк байрақты желбіретіп барып, биіктен көрсете білді. Мойнына алтын жүлдені жарқырата тағып, кеудесін қуаныш кернеп, елге Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Туын желбіретіп әкеп, сол кездегі Мемлекет басшысы, Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына абыроймен табыс еткенін біз әлі ұмыта қойған жоқпыз. Осындай үлкен жетістіктің барлығы Тәуелсіздіктің жемісі екеніне ешкімнің таласы жоқ. Алтынмен  апталғанның  арасында  Ольга Шишигина да бар. Қазақ тарихында жеңіл атлетикадан 100 метрлік қашықтықта алтын алған қайсар қыздың есімі де әлі күнге дейін жарқырап тұр. Араға отыз жыл салса да өз құндылығын жойған жоқ.

2004 жылы Грекияда алауы тұтанған Афины Олимпиадасы да қазақты олжасыз қайтармады. Жыл сайынғы шелектеп төккен тердің өтеуі ақталды. Мемлекеттің имиджін көтеретін спорт саласы екені бесенеден белгілі. Осыны жадында мықтап сақтаған спортшылар аянып қалмады. Қайтсем Қазақстанның атын шығарамын, төрткүл дүниеге есімін паш етемін деген саңлақтар додаға атойлап түсті. Қайрап салған айқастан жүзі майырылмай шығатын Бақтияр Артаев Қазақ халқына алтын медаль сыйлады. Мұнымен қоса үздік боксшыға берілетін Вел Баркер кубогын қанжығасына байлады. Бұл кубокты Қазақ боксшылары екінші мәрте Қазақ жеріне әкеліп отыр. Бұған дейін 1996 жылы В.Жиров құшағына қысқан болатын. Одан бөлек, 4 күміс, 3 қола жүлдені жеңіп алған оғландарымыз елге абыроймен оралды. Бұғанасы жаңа қатқан мемлекеттің спортшылары жыл санап арындап келеді. Жарыс біткеннен уыстап медаль алып, қап-қап олжамен оралуды дәстүрге айналдырды. Төрт жылдықтың басты додасында Жетісу жерінің майталмандары да жүлдеден құралақан қалған емес. Ауыр атлетші Сергей Филимоновтың күміспен күптелгені спорт тарихынан өшкен емес.
Ал 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимп дуына Алматы облысынан бес спортшы қатысты. Қытай елінен біздің мықтылар 13 жүлдемен оралды. Оның екеуі алтын. Боксшы Бақыт Сәрсекбаев пен ауыр атлетші Илья Ильин алтын тұғырдан көрінді. Жетісудың намысын жыртып барған бес спортшының ішінен менің пешенеме қола жүлде бұйырды. Араға сегіз жыл салып, қола медалім күміске айналды. Қалған қыз-жігіттеріміз де қола мен күмісті қоржынға тоғытты. Дәл сол сәт есіме жиі түседі. Сол кездегі әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жеңіске жеткен әрбір спортшыны Елбасы жеке-жеке өзі құттықтап, жігерімізді қамшылап қойды. Одан асқан бақыт бар ма?! Төрткүл дүние көз тігіп отырған бәсекеде олжа салу бір бөлек, Президенттің құттықтауы бір басқа. Мәңгілік Елдің мұрасына айналған ұландарына деген нық сенімі деп есептеймін. Дүниеде өзгенің Туын көтеріп жүрген қаншама ел бар?! Солармен салыстырғанда біз бақыттымыз! Еркін елдің ұланы ретінде байрақты бәсекеге еркін еніп, найзағай ойнатып қайттық.

2012 жылғы Лондон Олимпиадасы да сайын даланың сардарларын жатсынбады. Алмас қылыштай жарқырап барып, жарқылдап қайтты. Тіпті, доданың алғашқы күні-ақ, алтыннан алқа тағып, көш бастадық. Велошабандоз А. Винокуров бәрінен озық болды. Мәрені бірінші болып қиып, жеңіс туын желбіретті. Тұманды Альбион жерінен Қазақстан ұлттық құрамасы 13 жүлдемен оралды. Олардың жетеуі алтын болған. Өкінішке қарай, төрт алтынды қайтаруға тура келді. Әйтсе де, қазақтың намысы құламады. Боксшы Серік Сапиев пен үш қарғып секіруші О.Рыпакова алтынды ешкімге ұстатпады.

Мақаламның басында баяндаған Вел Баркер кубогын үшінші мәрте қазақ боксшысы тақымына қысты. Рио Олимпиадасы да ерекше есте қалды. Ел сенімін арқалаған ұл-қыздарымыз 3 алтын, 5 күміс 9 қола медальді жеңіп алды. Жетісудан аттанған Карина Горичева қоланы қомсынбады. Асқан ерлік көрсетіп, нағыз алыптармен тайталасты. Есесіне құралақан емес, қола медаль үшін барын салды.

Тек бәрімізді қинайтыны – Токио Олимпиадасы. Алтынсыз бос қайтқан додамыз болып есте қалды. Әрине, өкінетін еш нәрсе жоқ. Спортшыларымыздың еркін көсілуіне түрлі кедергі болды. Әлемді жаулаған пандемия өз әсерін спортқа да тигізді. Әйтсе де Жетісу жерінің намысы құламады. Республика бойынша көп жолдама алған Алматы облысы болды. Он жолдаманы жеңіп алып, тоғыз спортшымыз топқа түсті. Бақ пен баптың сыналатын кезінде намысты қолдан бермеген ауыр атлетші Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло қола медальді еншіледі. Екі спортшымыз да бұл жеңістерін Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнады. Осының барлығы отыз жыл ішінде жеткен жетістіктеріміз. Алғаш рет 1996 жылы Тәуелсіз мемлекет болып үлкен дуға аяқ бассақ, бүгінде әлем сескене қарайтын үлкен спорттық державаға айналдық.

Мұның барлығы жарыста жеткен жетістіктеріміз. Ал ендігі кезекте осындай жетістікке қол жеткізудегі спортқа жасалып жатқан қамқорлықты айтып өтейін. Одан бұрын әуелі әлемдік спорт ұйымдары Қазақстан Республикасына дүбірлі додаларды сеніп тапсырғанына аз-кем тоқталайын. Біздің елде қысқы Азиада, Универсиада ойындары өтті. Сонымен қатар, бірнеше әлем чемпионаты мен Азия біріншіліктері жалауын желбіретті. Мұның барлығы Тәуелсіз Қазақ елінің беделі деп білемін. Осы аралықта спортшылардың толағай табысының арқасында Қазақстан Республикасына дүбірлі додаларды сеніп тапсырды. Ал біз болсақ, өз тарапымыздан мұндай ірі бәсекелерді жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізе білдік. Бұл да Тәуелсіздіктің жемісі екенін мақтанышпен айтуға болады.

Осы тұста Жетісу жеріндегі спорт саласының дамуына тоқтала кетейін. Алматы облысында спорт саласына үлкен қолдау көрсетілуде. Мәселен, бүгінге дейін аудандарда 13 дене шынықтыру және сауықтыру кешені бой көтеріп, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, төрт спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Одан бөлек, Орта Азияда теңдесі жоқ Талдықорған орталық жүзу бассейні есігін айқара ашты. Мұндай жағымды жаңалықтың барлығы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналды. 

Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ,

Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы