"ЖЕТІСУ" ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ ҚАРЖЫСЫ АЗАЙДЫ. БҰДАН КІМ НЕ ҰТАДЫ?

Уақыты: 28.11.2021
Оқылды: 989

«Жетісу» футбол клубының бюджеті 2,3 миллиард теңгеге қысқарған. Бұл туралы Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаевтың баяндамасында айтылған.

«2020 жылы «Жетісу» футбол клубының бюджеті - 3,4 миллиард теңге, ал волейбол клубының былтырғы бюджеті 800 миллион теңге болған. 2021 жылы «Жетісу» футбол және волейбол клубтарын ұстауға жұмсалатын шығынды қысқартуға қатысты 2,9 миллиард теңге үнемделіп, ол қаражат қайта бағытталды», - деді басқарма басшысы.

Оның сөзінше, үнемделген қаржы есебінен 127 Street workоaut спорт алаңы орнатылады. Мәселен, бұқаралық спортты дамыту мақсатында облыста 127 street workоut алаңын орнатуға, шағын футбол алаңдарын және 35 спорт алаңын ашуға, Алакөл ауданының Лепсі ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастауға қомақты қаржы бөлінген.

Басқарманың ақпаратына сәйкес, жалпы облыстың аудандары мен қалаларының 45 спорт мектебінде 74 спорт түрімен 44 038 спортшы шұғылданады. «Барлық қолданыстағы спорттық нысандар қолжетімді және тегін. Облыста дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатындардың саны - 667 428 адам. Бұл - облыс халқының 32 пайызы», - дейді Н.Теңізбаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"