НҰР-СҰЛТАНДА ҚАЗАҚ СПОРТЫН ДАМЫТЫП ЖҮРГЕН ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 15.12.2021
Оқылды: 1335

Нұр-Сұлтан қаласында ел спортының дамуына елеулі үлес қосқандар марапатталды. Салтанатты шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВ қатысты.

Жиында Ералы Лұқпанұлы өңірлерден жиналған сала мамандарына алғысын жеткізіп, барша қауымды Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерей тойымен құттықтады.

Салауатты өмір салтын насихаттау, өскелең ұрпақты спортпен белсенді шұғылдануға тарту – негізгі міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спорт пен балалар спортына баса мән беріп, дамыту керектігін атап өтті. Біз баршамыз осы бағытта жұмыла жұмыс істеуіміз қажет. Биылғы жылдың спорт үздіктерін анықтау кезінде «Ауылдағы үздік дене шынықтыру пәнінің мұғалімі», «Жалпы білім беру ұйымының директоры», «Үздік меценат» номинацияларын қостық. Аталған аталымдар спорт саласында қызмет жасап келе жатқан азаматтарға үлкен серпін беріп, алдыға ұмытылуға септігін тигізеді деп сенемін. Баршаңызды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтаймын! – деді вице-Премьер.

Үздіктер қатарында Алматы облысының азаматтары бар.

Атап айтсақ, меценат Бауыржан Оспанов «Үздік меценат» номинациясын жеңіп алса, Ерлан Бақтыбаев басқаратын «Мүгедектерге арналған облыстық мамандандырылған спорт мектебі» КММ «Жылдың үздік спорт ұйымы» атанды. Ал Іле ауданы, Қосөзен ауылының №14 орта мектеп директоры Бекет Сембаев «Жалпы білім беру ұйымының директоры», облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы Олимпиадалық спорт түрлерін дамыту бөлімінің басшысы Саят Сарқытов «Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман» номинациясымен марапатталды.

Арнайы аталымдармен қатар Ұлттық спорттың дамуына зор үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ, шара барысында «Қолжетімді спорт» бағдарламасы мен «Leapy» спорттық қосымшаларының таныстырылымы өтті. Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту бағытындағы тапсырмаларын орындау мақсатында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитеті «Қолжетімді спорт» бағдарламасын әзірлеген еді. Жоба аясында еліміздің барлық өңірлерінде халықты жаппай спортпен шұғылдануға тарту мақсатында тегін жаттығу сабақтарын өткізу жоспарда бар. Ал жоғарыда аталған қосымша арқылы кез-келген адам өзіне жақын спорттық нысандар, жаттығу залдары, сондай-ақ, өзі қалаған спорт түрі бойынша жаттықтырушыны таба алады. Аталған жобалар келер жылы іске қосылады деп күтілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"