Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТАЛДЫҚОРҒАНДА БИЛЬЯРДШЫЛАР ЖИНАЛЫП, ЕКІ КҮНДІК ЖАРЫС ӨТКІЗДІ

Уақыты: 14.01.2022
Оқылды: 782
Бөлім: АЛАМАН

Талдықорғанда бильярдтан «Жетісу» командасының капитаны болған, осы саланың дамуына зор үлес қосқан Талғат Мизамбековті еске алуға арналған республикалық жарыс өтті. «ZVEZDY» бильярд клубында жалауы желбіреген бәсекеге 80-нен астам тастаяқ шебері қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған облыстық бильярд федерациясының директоры Тоқтар Есімов жарысты ашық деп жариялап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Осыдан кейін Талғат Темірбекұлының анасы Күләш, әпке-бауыры сөз алып, бильярдтың майталманы жайлы жылы естеліктер айтты.

Додаға бильярд ойынының жілігін шағып, майын ішкен кіл мықтылар келді. Олардың қатарында атынан ат үркетін  халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері бар. Екі күнге созылған бәсеке тартысқа толы болды.

Сайыстың қорытындысы бойынша 1-орынды және 400 000 теңгенің сертификатын алматылық Фархат Қосжанов еншіледі. Тұғырдың екінші сатысынан көрінген Алмас Әбсейіт 200 000 теңгені иемденді. 3-4 орыннан көрінген Мирас Сақтаған мен Дінмұхамед Сауытов 100 000 теңгені қанжығасына байлады. Спортшылар жарыстың өтуіне мұрындық болып, «ZVEZDY» бильярд клубын ашқан Александр Лиға алғысын білдірді. Сайыс соңында марқұмға ас беріліп, Құран бағышталды.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы