Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТОҚАЕВТЫҢ ГОЛЫ. ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ АЛҒАШҚЫ ОЙЫННАН ЖАЛҒЫЗ ҰПАЙ ЕНШІЛЕДІ

Уақыты: 22.01.2022
Оқылды: 729
Бөлім: АЛАМАН

Қазақстан құрамасы футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионатында алғашқы ойынын өткізді. Словенияға қарсы матч Гронингенде (Нидерланды) өтіп, 4:4 есебімен аяқталды.

Бірінші таймда командамыз сенімсіз көрінді. 11-минутта команда капитаны Игита шабуылға қосылған сәтте қателесіп, доптан айырылды. Нәтижесінде Денис Тотошкович ашық қақпаны дәл көздеп, есеп ашты. Алғашында біздің жігіттер қарсыласты менсінбей шыққандары айқын байқалды. Чемпионатқа дейін футбол мамандары үздіктердің қатарында Қазақстан құрамасы да бар деген еді.

Дәл осыдан кейін бе, отандастарымыз сүреңсіз ойын көрсетті. Өткен жылы әлем чемпионатында қарсыластарды қоғадай жапырып, тамаша өнерімен айшықталған еді. Біз де осы жолы сол қарқынды көреміз деп ойлағанбыз. Өкінішке қарай, ондай сұрапыл ойын болмады. Оның үстіне бас бапкер Кака да ойынға қатыспады. Құраманың негізгі екі ойыншысы мен Каканың індетке қарсы тапсырған нәтижесі оң болып, чемпионатқа жіберілмеді. Сонымен ойынға оралайық.

Көп ұзамай бірінші таймның басында Альберт Ақбалықов словениялық қақпашыға қарсы ойын тәртібін бұзғаны үшін қызыл қағаз алды. Десе де, қарсылас бұл басымдықты пайдалана алмады. Ал 16-минутта Қазақстан құрамасының көшбасшысы Джуниор Дуглас бұрыштама добынан кейін таразы басын теңестірді. 23-минутта Матей Фидершек те бұрыштаманы сәтті пайдаланды.

Бірақ екі минуттан кейін Біржан Оразов бұл голға жауап қатты. Ойынның 31 және 33-минуттарында Жига Чех пен Тео Турк мергендік танытып, Словенияны алға шығарды. Дегенмен, 36-минутта Жомарт Тоқаев ұлттық құрамадағы дебюттік голын соқты. Матчтың бітуіне бірнеше минут қалғанда Дуглас дубль жасап, Қазақстанға бір ұпай сыйлады. Осылайша Қазақстан құрамасы алғашқы ойыннан жалғыз ұпайды еншіледі.

Біздің топтағы Италия – Финляндия ойыны да тең дәрежемен аяқталды. Есеп 4:4. Сонымен «В» тобындағы төрт команданың қоржынында бір-бір ұпайдан. Енді біздің жігіттерге жеңілуге болмайды. Келесі қарсыластарымыз оңай шағылатын жаңғақ емес. Ол кездесуді Финляндия құрамасына қарсы өткізеді. Бұл тұста мінез керек. Сүреңсіз ойынмен жеңе алмайтынымыз анық. Алдағы ойынға Тұрсағұловты қосқан дұрыс болар деген ой келеді. Сенім артқан Лео да жарақатына байланысты ойыннан шет қалды.

Жарыстың шымылдығын түрген Сербия – Португалия ойыны өте тартысты өтті. Негізгі фаворит саналатын Португалия құрамасы Сербияны 4:2 есебімен ұтты. Ал Украина құрамасы Нидерланды командасына 2:3 есебімен жол берді.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Алматы облысы