ТАЛДЫҚОРҒАНДА 14-15 ЖАСАР БАЛУАНДАР БЕЛДЕСТІ. РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР

Уақыты: 28.02.2022
Оқылды: 1543

Жастар спорт сарайында дзюдодан 2007-2008 жылғы жасөспірімдер арасында дәстүрлі ашық республикалық турнирі өтті. Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 1500 спортшы, 50 команда қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, ҚР Дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев, облыстық дзюдо федерациясының атқарушы директоры Ерлан Тәжіков сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Шара барысында Нұрбақыт Молдахметұлы спорттағы жетістіктері мен ерен еңбегі үшін бірқатар азаматтарды марапаттады. Атап айтсақ, пара-дзюдодан Токио параолимпиада ойындарының күміс жүлдегері Теміржан Дәулетті дайындағаны үшін Төлеген Сұлтановқа ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы атағы берілді. Сондай-ақ, аймағымыздағы спорттың өркендеуіне үлкен үлес қосқан Тұратбек Чарапиевті, облыстық іс-шараларды ұйымдастыру орталығының директоры Ержан Айдархановты облыстық дзюдо федерациясының Алғыс хатымен марапаттап, иығына шапан жапты.

Осыдан кейін татами төріндегі белдесу басталды. Балғын балуандар әр салмақ дәрежесі бойынша түрлі-түсті медальдарды сарапқа салады. Бұл сында облысымыздың спортшылары да бақ сынап, жақсы нәтиже көрсетті.

Атап айтсақ, Асафина Сафаргалиева (40 келі), Жеңіс Нұрай (52 келі), Нұрай Қамзаева (57 келі), Алмабек Абылай (46 келі), Кенжеғали Абылайхан (55 келі) алтынмен апталды. Мейіржан Сүлеймен (42 келі) күміс медальді қанжығасына байласа, Аружан Нұрланқызы (40 келі) мен Әсия Сариева (44 келі), Серікбол Елжан (46 келі), Мұхаммед Нұрдәулет (60 келі), Сагдолда Алдияр (60 келі), Кемелкожа Бауыржан (66 келі), Амантай Әлихан (66 келі) қола жүлдеге қол созды.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы