ГҮЛМАРАЛ ЕРКЕБАЕВА. ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ

Уақыты: 04.03.2022
Оқылды: 1978

Күрестен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ұлттық құрама мүшесі, Күреңбел өлкесінің мақтанышы, жас спортшы Гүлмарал Еркебаевамен сұхбаттасудың сәті түсті.


– 2020 жылдың қаңтарында Ресейдің Красноярск қаласында өткен «Иван Ярыгин» турниріне қатысып, жүлдегер болдың. Кілемге бір жарым жыл үзілістен кейін оралып, ел чемпионатында топ жардың. Осы уақыт ішінде немен айналыстың, өзіңді қалай дайындадың?

– Бір жарым жыл үзіліс алуыма басты себеп – отбасылық жағдайға көңіл бөлдім. Оның үстіне індет болды. Ал ел чемпионатының алдында алты ай уақыт жаттығу жасадым, қарсыластарымды осыған дейін білсем де қайыра зерттедім. Үш-төрт айда қалыпқа келдім. Бір айта кетерлігі, ел біріншілігіне ұлдармен бірге дайындалдым. Өйткені, салмағы кіші болсын, көп болсын ер бала қашанда қуатты, мықты болады. Соның да көмегі тиді. Жаттығудың басым көпшілігі Нұр-Сұлтан қаласында жеке бапкерім Қайрат Сағадиевтің нұсқауымен өтті.

– 2021 жылы желтоқсанда Нұр-Сұлтанда өткен ел чемпионатында 76 келіде чемпион болдың. Финалда Олимпиада жүлдегері Эльмира Сыздықованы  8:6 есебімен жеңдің. Жалпы сол чемпионатта қарсыластарыңа бірінші қимыл жасауына мүмкіндік бересің де, одан кейін қарқынға қарқын қосасың. Арнайы жоспар ма, жоқ әлде ыңғай соған келді ме?

– Ел чемпионатының финалында Олимпиада жүлдегері Эльмира Сыздықовамен кездестім. Бұл біздің бірінші кездесуіміз емес. Осыған дейін таразыдай теңселіп бірде мен, бірде ол жеңіп жүрді. Бірақ кейінгі екі ел чемпионатында сәттілік те, жеңіс те мен- де болды. Бұл, әрине, жеке бапкерім Қайрат ағаның еңбегі деп білемін. Ол кісі кейінгі ел чемпионатында әйелдер күресінде жалпы он салмақ болса, соның бесеуінде Алматы облысының қыздары жеңімпаз болды. Бұл тікелей бапкердің жұмысы деп білемін.

– 2015 жылы Дохада, 2016 жылы Бангкокта, 2017 жылы Нью-Дели қаласында өткен Азия чемпионаттарында 75 келіде қола алдың. Бұл нәтижеден кейін тасада жүрдің, ал биыл көктемде Ұлан-Батырда болатын Азия чемпионатына кім қатысады, шешілді ме?

– Шыны керек, бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Дәл қазір басшылық жақта ауыс-түйіс орын алып жатыр, ал олардың кімді апарып, кімге сенетінін білмеймін. Дәл қазіргі сәтте ұлттық құрамаға кімдер келіп, кететіні де белгісіз.

– Жақында Қырғызстан елінде болдың, әлемнің мықты балуаны саналатын Айсұлу Тыныбекова, өз салмағыңдағы Айпері сынды балуандармен бірге жаттықтың. Осы туралы толық айтып өтсең.

– Ашығын айтсам, олардың жаттығуларын көріп, тәнті болдым. Бір емес, екі әлем чемпионы шыққаннан кейін, олардың тәсілдері, жаттығуы қызық болды. Олар кеше ғана қатарға қосыла салып чемпион болған жоқ қой. Белгілі бір сатылардан өтті, мектеп қалыптастырды. Соның бәрін көргім келді. Қырғыз бапкері Нұрбек Изабеков бастапқыда үш қызды жетістікке жеткізді. Өздерін шыңдады. Шыны керек, оларда жоғары жақтан, басшылық тарапынан, жауапты адамдардан қысым болмайды. Өздерінің қойған нақты жұмыстарымен айналысады. Ал бізде бас бапкер әр Олимпиада сайын ауысады. Иек астындағы жарыстың алдында ауысқан бапкер өз теориясын ұсынады, сол арқылы жұмыс жүргізгісі келеді. Ондай сәтте ой онға бөлініп, команда шашырап кетеді. Ал қырғыздар бір бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Мәселен, бізде бір жаттығудың ұзақтығы бір-бір жарым сағат болса, оларда таңғы жаттығуының өзі үш-төрт сағат болады. Уақыттың қалай созылып кеткенін жаттығудың қызығымен жүріп аңғармай қаласың. Қатты шаршатып та тастамайды. Өзіме қатты ұнады. Мен барғанда жарыстардың жоқтығына байланысты оларда еркін форматта «үй жұмысы» бағытында жаттығулар жүргізілді.

– Гүлмаралдың арманы – Олимпиада. Қатысу, жүлдегер болу. Осы мақсат жолында қалай еңбектеніп жатырсың?

– Әрине, кез келген спортшының арманы Олимпиада тұғырында тұру. Әуелі менің дәл қазіргі басты арманым – әлем чемпионы болу. Қыздар арасында жаһан біріншілігінде топ жарған қазақ қыздары жоқ. Осы жолда еңбектеніп жатырмын. Жаттығуларды жүйелі жоспарға енгізіп, кірісіп те кеттік.

– 2019 жылы Шымкентте өткен ел чемпионатын ұтқаныңмен Нұр-Сұлтанда өткен Әлем чемпионатына қатыса алмадың. Сол сәттегі сенің көңіл-күйің, өзіңді қалай ұстадың?

– Дұрыс айтасыз, әдетте ел біріншілігі Азия, әлем чемпионаттарына іріктеу есебінде, құрамаға балуандарды жасақтау мақсатында өтеді. Бірақ бапкерлердің сүзгісінен өту үшін тек Қазақстан біріншілігін ұту – аз. Әдісіңе, кілемдегі қимылыңа қарайды. «Шетелдегі жарыстарда екеуіңді көреміз» деп Эльмира Сыздықова екеумізді таңдап алды. Әлем чемпионатының алдында үш-төрт жарысқа қатыстық. Бір турнирде Эльмирамен кездесіп екі ұпайға есе жібердім. Содан бапкерлер Эльмираны таңдап алды.

– Күреске сені алып келген не, не үшін басқа спортты емес, күресті таңдадың?

– Екі әпкем, төрт ағам бар. Ұлдардың арасында өскеннен кейін ерге тән мінез де болды (күліп). Солармен бірге доп қуалап ойнап жүріп-ақ спортпен айналыстым десе де болады. Өйткені, мектепте қандай спорттан үйірме болса, сонда қатыстым, қандай жарыс болса, ол баскетбол, футбол ма қарамай қатысып, жүлде алып жүрдім. Ал күресті ең алғаш үйреткен бапкерім Қарашоқыдағы (ред.Кербұлақ ауданына қарасты ауыл) Мәди Күреңбаев болды. Бастапқыда: «Ағаларым қалай қарайды, анам не дейді?»  - деген уайым болса керек. «Домбыра үйірмесіне кеттім» деп арқама «рюкзагымды» асып алып, күнде барамын. Домбыра үйірмесінде 20 минут отырамын да, одан күреске қарай заулаймын. Солай тығылып барып жүрдім. Одан кейін ақырын-ақырын нәтижелер көрсете бастадым, содан 7-сыныпты оқитын сәтте бапкерім Мәди аға Алматыдағы «Шаңырақ» спорт-интернатына түсіруге туған-туысты көндірді. 2008 жылы үлкен жарыстарға шыға бастадым, нәтижелер де тәуір болды.

– Гүлмаралға қанат бітірген бір ауыз сөз қандай? Болмаса кімнің, қандай ақылы саған әсер етті?

– Өмірде жолықтарған әр адамнан әр түрлі ой түйесің, барлығы әсер етеді. Күреспен айналысып жүргеніме 16 жылдың жүзі болды. Өмірге бейімделуге де ерекше ықпалын тигізді. Жалпы, спортшы тәртіппен жүріп-тұрып, өзін әр нәрсеге дайын болуға шыңдайды. Мен үшін спорт деген қысқа ғұмырда аз ғана сәт. Сол бір мезетті дұрыс әрі нәтижелі өткізігім келеді. Жеңсең де, жеңілсең де сын. Сондықтанда жеңіп тұрып даңдайсып кету, жеңіліп тұрып төмен құлау спортшыға әсер етпеуі керек деп білемін.

– Күрестен тыс уақытта қандай іспен айналысасың?

– Бос уақытта, шынымды айтсам, күрестен басқа спорт түрлерімен айналысамын (жымиып). Жүзгенді ұнатамын. Ал спорттан тыс кітап оқығанды ұнатамын, сурет саламын, арасында тіпті, өлең де шығарамын (күліп). Шыны керек, мен көп нәрсеге қызығамын және үнемі ізденіс үстінде жүргенді ұнатамын. Көңіл-күйіме байланысты әр іспен айналыса беремін.

– Сұхбатыңызға рақмет! 

Сұхбаттасқан - Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы