МӘДЕНИЕТ ПЕН СПОРТ САЛАСЫНА ӘРДАЙЫМ ҚОЛДАУ ТАНЫТАТЫН АЗАМАТ

Уақыты: 24.03.2022
Оқылды: 1449

Үлкен қызметте жүрген таныстарымның бірі жақсы сөз айтты. Ол былай дейді: "Шынын айтайын, аты елге мәлім біраз кәсіпкерді білемін. Солардың ішінде Рүстем Тұрғанбаев деген жігіт, әсіресе, соңғы жылдарда көп игілікті істер атқарып, мәдениет саласына да, спортшыларымызға да жақсы көмектесіп жүр. Қашан болсын, Рүстемнің ана облыста, мына ауданда істеп жатқанын естіп, көріп тұрамыз. Өзінің емес, елдің қамы үшін жүгіріп жүреді. Жұмысының тығыздығына қарамастан бұқара арасында осындай іс-шараларды ұйымдастырып жүргеніне дән ризамыз. Республикалық дәрежеде өтіп жатқан мына турнир соның айғағы. Көресіздер, ертең осы жастардың әрқайсысы осындай ағаларынан үлгі алуға тырысып, соны өмірде жалғастыратын болады. Осындай өнегелі жандарымыз жасасын!"

Жаны бар сөз. Турнир жанкүйерлерінің ойындағысын дөп басып айтқан сөз. Шынында да, «Табысты тапқан өзім. Қызығын да өзім көрейін» деп бос уақытын өзіне ғана арнаса болар еді. Бірақ қырықтың қырқасына қадам басқан қырма сақал жігіт олай отыра алмайды. Уақытпен санаспай еңбектенуге сонау бала кезінен бейімделген бе деп қаласың. Олай дейтініміз, ол ауасы жанға жайлы таулы аймақтағы ортасын шағын ғана өзен бөліп жатқан керемет ауылда туып-өсті.

Жалындаған жастық шағы да сол Жыландының жайлауында өтті. Білетіндердің сөзімен айтсақ, мектеп қабырғасында жүрген кездің өзінде-ақ сыныптастарының арасында суырылып, алда жүріпті. Орта мектепті бітіріп арман қуып, Алматыға келді де, алдымен Абай атындағы институттың Заң факультетін, одан кейін Қаныш Сәтбаев атындағы Мемлекеттік институтының мұнай-газ факультетін тәмамдады. Білім алуға деген құмарлық, кітапқа деген сүйіспеншілік, ой баласы болуға деген талпыныс сияқты асыл қасиеттер оған анасынан сіңген тәрбие дерсің. Өйткені, Рүстемнің анасы Гүлжиян Рахымжанқызы Жыланды ауылдық орта мектебінде бақандай 40 жыл бойы қажырлы еңбек еткен аяулы ұстаз, қаншама білімдар шәкірттерді тәрбиелеп-өсірген құрмет иесі. Бұл өзінің анасын ардақ тұтқан азаматтың бір ерекшелігі. Ал екінші жағынан, егін уақытында алдына жан салмайтын атақты комбайншы әкесі Бексұлтан да тынымсыз еңбекқор адам еді ғой. Байқап қарасақ, соған да тартқан сияқты. Қалай болғанда да, Рүстемнің таңдаған мамандықтарын игере жүріп, еңбек жолын да бастап үлгеруінде отбасындағы тал бесіктен алған тәрбиенің тұнық көзі бар, әйтеуір.

«Жастар жалқау болып барады» дегенді естіп қалатынымыз жасырын емес. Бірақ бүгінгінің атымтайлары қатарында есімі елге танылып үлгерген Рүстем Тұрғанбаев туралы олай айта алмайсың. Ол 1982 жылы 7 қазанда дүниеге келген. Алла артық көрмесін, 40-қа қадам басты. Дәлірек айтсақ, нағыз кемеліне келген шақта. Қашан қарасаң ізденістің, қайнаған жұмыстың ортасында жүреді. Бір орында отыруға уақыт жоқ. Жұмыстан қолы қалт етсе, бірдеңені ұйымдастырып, соның басы-қасынан табылады. Жол жүріп бара жатып, кейде жолай бірдеңелерді шешіп жүреді. Телефонына да маза бермейді. Өзі жете алмай қалғанда сенімді жігіттеріне табыстап, басталған істі сапалы аяқтап шығуды тапсырып жатады.

Еңбек жолын 2006 жылы бастады. Сол жылдары алғашқы сауда-саттық «КЛАССИК ТРЕЙД» компаниясын ашса, 2007 жылы «KAZLUXСТРОЙ» ЖШС компаниясының негізін қалады.

Қазіргі таңда аталмыш «KAZLUXСТРОЙ» ЖШС компаниясы көпке танымал. Өйткені, аталмыш ұжым республикамыздың барлық аумағында түрлі мемлекеттік жобаларды іске асыруда. Бүгінгі таңда компанияда 300-ден астам кәсіби жұмысшы қызмет атқарады. Бұл ауыз толтыра атап өтуге тұрарлық тұщымды шаруа, заман талабына сай жасалып жатқан елеулі еңбек.

Рүстем Тұрғанбаев республикамыздың «COMBAT JIU JITSU» (Комбат Джиу Джитсу) федерациясының президенті, Алматы қаласының «БАРС» таэквондо орталығының вице-президенті және көптеген спорттық іс-шаралардың жүзеге асуына айтарлықтай септігін тигізіп жүрген азаматтардың бірі. Сонымен қатар еліміздің спорт саласының дамуына қол ұшын созып жүрген кәсіпкер. Нақтырақ айтқанда, жастарға патриоттық тәрбие беруде, олардың бойындағы отансүйгіштік сезімдерін оятуда ауыз толтыра атап айтарлықтай қолтаңбасы бар.

Ол өзін әлдилеп өсірген Жыланды атты алақандай ғана ауылын ардақ тұтып, қариялардың батасын алған азамат. Елінің үмітін ақтап, ұрпақтың адалдығын көрсетіп жүрген орта буын өкілі.

Жоғарыда әкесінің еңбекқорлығын бір-ақ ауыз сөйлеммен айттық. Міне, сол тұлғаның бала тәрбиесіндегі ғибратты сөздері ұлының көкірегінде өмір бойына тұмар болып тағылған. Қолғанатқа жарап қалған ізбасарына Бексұлтан аға былай дейтін: «Еңбек етсең, ерінбе. Бір істі бастасаң, аяғына жеткіз, балам. Ел қарғыс емес, алғыс айтатындай болсын ісіңе. Аяқтамайтын болсаң бастама, істейтін адам өзі істеп алады».

Рүстем бала жастан солай тәрбиеленді. Алланың берген көмегі ме, әлде маңдайға біткен бақ па, оқи жүріп еңбек етті, еңбек ете жүріп ізденді. Өмір арнасында кезіккен кәнігі мамандардың қасында жүріп, көп нәрсе үйренді. Көргенінің барлығын көкірекке түйіп, естігендерін есте сақтап қалуға тырысты. Соның арқасында жас бала өзінің елгезектігімен, талпынысымен, тындырымдылығымен елдің көзіне түсе бастады. «Баталы ұл – арымас» деген, міне, осы болса керек.

Марат ЖҮНІС-БЕК,

ҚР Қарулы күштерінің ардагері