ЧЕМПИОНДАР ТӘРБИЕЛЕЙТІН "ҮШҚОҢЫР" СПОРТ МЕКТЕБІ. ДИРЕКТОРМЕН СҰХБАТ

Уақыты: 02.04.2022
Оқылды: 1410

Бүгінгі таңда облыста спорт саласы қарқынды дамып келеді. Спорттың қай түрін алсаңыз да ауыз толтырып айтатын жаңалық көп. Әсіресе, кәсіпқой деңгейде спортпен шұғылданып жүрген ұл-қыздарымыз елдің намысын жыртып, халықаралық аренада көк байрақты желбіретуде. Соның ішінде, Жетісу жерінің спортшылары дараланып, ел үмітін ақтауда. Сонымен қатар, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуде де ауқымды іс атқарып, спорттық инфрақұрылымдарды тұрғызуда республика бойынша көш бастап тұр. Мәселен, ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша өңірлерде жүз аурухана, жүз мектеп салу бағдарламасын іске асыру барысында Алматы облысы алдыңғы қатарда. Аудан орталықтарында дене шынықтыру және сауықтыру кешендері бой көтеріп, олардың саны он төртке жетті. Биыл тағы да төрт спорт кешені пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Талдықорған қаласында Орта Азияда теңдесі жоқ жүзу бассейні бой көтеруі жас жеткіншектерге жасалып жатқан қамқорлықтың белгісі және Мемлекет басшысы тапсырмасының нақты іске асуы екені анық. Осындай нысанның бірі – Қарасай ауданы Шамалған ауылында салынған балалар мен жасөспірімдерге арналған «Үшқоңыр» спорт мектебі. Заман талабына сай бой көтерген зәулім спорт нысанының жұмысымен танысу мақсатында аталмыш мектеп директоры Дәурен ТӨЛЕГЕНМЕН болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Дәурен Төлегенұлы, сіз бақарып отырған балалар мен жасөспірімдерге арналған «Үшқоңыр» спорт мектебінің жұмысына кеңінен тоқталсақ. Спорт нысаны қай кезден бастап жұмысқа кірісті?

– «Үшқоңыр» спорт мектебі 2019 жылы маусым айында ашылды. Аталған спорт кешені ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асып, ашылу салтанатында арнайы келіп лентасын қиған. Міне, сол күннен бастап спорт нысаны тоқтаусыз жұмыс істеп, Шамалған ауылының жас жеткіншектеріне қызмет көрсетіп келеді.

– Мектептің құрылымын сипаттап өтсеңіз.

– Бұл мектеп облыс бойынша ең үлкен спорттық нысан деп айтуға болады. Дене шынықтыру-сауықтыру кешені деп атағанымызбен бұл үлкен спорттық база. Өздеріңіз көріп отырғандай, тау етегіне орналасқан мекемеде барлық жағдай жасалған. Кешен 6 блокқа бөлінген. Спорттың 18 түрінен жас балаларымыз спортпен шұғылданады. Бүгінде мектебімізде 1548 бала спорттың әр түрімен жаттығып жүр. Олармен 42 жаттықтырушы жұмыс жасайды. Жалпы, аталған спорт базасында 70 адам жұмыс істейді. Аумағы – он алты мың гектар. Мекеме екі қабатты, бірінші қабаты әкімшілік ғимараты болып саналады. Онда мектеп директоры, әдіскерлер, тамақтану орны, коференц-зал орналасқан. Қалған екінші бөлігінде жаттығу залы және жүзу бассейні, оның сыртында далада үлкен футбол алаңы бар. Ол арнайы жасанды төсенішпен жабдықталып, үлкен жарыстарды өткізуге ыңғайлы. Сонымен қатар, ойын залын да ерекше атап өткен жөн. Ол да толықтай әлемдік стандартқа сай жасалған әрі ірі халықаралық жарыстарды өткізуге толықтай дайын.

– Мектепке балаларды қай жастан бастап қабылдайсыздар?

– Ауыл балалары үшін салынған нысан болғасын біз барлық жағынан қамтуға тырысамыз. Сондықтан, спорттың тәртібі бойынша біз балаларды 6 жастан бастап қабылдаймыз. Әрине, біз оларды бірден спорттың қиын түріне қабылдай салмаймыз. Спорттық мектеп болғасын жас жеткіншектердің спортқа деген қызығушылығын ояту мақсатында ең бірінші ойын түрлеріне аламыз. Содан кейін ыңғайына қарай, өздерінің таңдауы бойынша бейімділігін байқап, басқа спортқа икемдейміз. Бала болғасын олардың ең бірінші ынтасын, қызығушылығын оятып, қызықтыруға баса мән береміз. Ол үшін біздің арнайы мамандар, психологтар мен жаттықтырушылар жұмыс істеп, балаға бар жағдайды туғызады.

– Жаңа бір сөзіңізде бізде жүзу бассейні бар деп айтып қалдыңыз. Бұл тұрғыда жүзу спортына келушілердің қатары қаншалықты?

– Әдетте біз спорт дегенде бірінші бокс, күрес, футбол аузымызға оралады. Мен сізге айтайын, облыста ашылған спорт мектептерінің ішінде біздің ғана мектепте жүзу бассейні бар. Сондықтан бұл спортқа келушілердің қатары өте көп. Өзіңіз көріп өтіңіз, жүзу бассейні екеу. Оның бірі ересек балаларға, екіншісі кішкене балаларға арналған. Біздің мамандар ең бірінші сол кішкентай ұл-қыздарымызды кішірек хауызға икемдеп алып, оларға су спортын толықтай үйретіп алып, жас мөлшері толықтай толысқан кезде үлкен бассейнге рұқсат етеді. Сол кезде барып, оларды арнайы жүзу спортына үйретеді. Жүзу спорты деп бірден бассейнге шолп етіп түсіре салуға болмайды. Баланың аты бала, суға түсуге қызығушылығы жоғары екенін біз жақсы түсінеміз. Әйтсе де арнайы мамандар олармен талап бойынша жұмыс істейді. Ең бірінші кезекте қауіпсіздік шарасы, одан кейін баланың денсаулығы, одан кейін жетістікке көңіл бөлеміз. Бұл бір ғана жүзу спортына емес, спорттың бар түріне осындай талап қойылған.

– Өзіңіз білесіз, басқа спорт түріне қарағанда жүзуге жаттықтырушы маман табу өте қиын. Бұл тарапта маман тапшылығы бар ма? Суда жүзу спортында жаттықтырушы жеткілікті ме?

– Сөзіңіздің жаны бар, өзге спортқа қарағанда суда жүзудің мамандары үлкен сұранысқа ие. Оның үстіне ауылды жерде орналасқасын оларды шақыру да қиынға соғады. Бірақ біз жаттықтырушыларды тауып, оларға барлық жағдай туғызып, жұмыспен қамтып отырмыз. Қазір дәл осы спортта төрт жаттықтырушы жұмыс істейді. Нақтырақ айтқанда Руслан Бариев, Ригина Тамакина, Данил Максименко, Евгения Максименко. Бұлардың барлығы да өз ісінің мамандары. Аз ғана уақыт болса да оқушыларының беталысы жаман емес. Алдағы уақытта нағыз чемпиондар шығады деген үміт мол.

– Ендігі кезекте мектепте жаттығып жатқан болашақ чемпиондардың жетістігіне аз-кем тоқталып өтсеңіз?

– Бұл жағынан да ауыз толтырып айтатын жаңалығымыз көп. Аз ғана уақыт болса да қатысқан жарыстан қоржынымыз бос қайтқан жоқ. Өзіңіз білесіз, жекелеген спортқа қарағанда командалық спортта жетістікке жету өте қиын. Соған қарамастан біздің мектептің футболшылары жақсы көрсеткішке ие. Мысалы 2006 жылғы балалар облыстық жарыста бірінші орынды қанжығасына байлады. Кіші футболдан күміс медальға қол жеткізді. Жаттықтырушылар Нұржан Ахметов, Шаттық Ахметқожаев, Жәнібек Жақыпов, Қыран Тұрсынбайдың шәкірттері алдағы жарыстарда да олжамен оралады деген сенім мол.

Таэквондо спортында да мақтанышымыз бар. Аян Құмаровтың қоластында жаттығатын Аяулым Кәукенов Азияда үшінші орынды жеңіп алды. Алматыда өткен «Барыс-кап» додасында жеңіске жетті, ҚР чемпионатының жеңімпазы. Береке Абылайханұлы да халық-  аралық турнирлердің жеңімпазы. Дзюдодан білікті бапкеріміз Әнел Еженханова жаттықтырады. Он бір жасар кішкентай Асылхан Тасқынбай Жәпек батыр атындағы жарыста қолаға қол созса, Жанболат Алдаберген «Қос батыр» турнирінде күмісті еншіледі. Одан да басқа дзюдошыларымыз болашағынан көп үміт күттіреді.

Бұл жерде неге жүлделер аз деп отырған боларсыз. Өзіңіз білесіз, 2019 жылдан бастап пандемияға байланысты жарыстар тоқтап қалды. Соның салдарынан спортшыларымыз жарысқа бара алмады. Қазір толық мүмкіндік ашылып, жарысқа қатысып жатырмыз. Ал осы жерде ерекше атап өтетін тағы бір таланттарымыз бар. Ол Муай-тай спортының шеберлері. Вадим Лопаров, Юрий Щюкиннің оқушылары мектебіміздің мақтанышы. Әлижан Қанат 16 жасында ересектер арасында чемпион атанды. «Асқар Қоханов» атындағы турнирдің жеңімпазы. Жасөспірімдер арасында әлем чемпионатына қатысып, жақсы өнер көрсетіп қайтты. Әли Омаров ел біріншілігін үш мәрте ұтты. Себанды Омаров та ҚР чемпионатын екі мәрте жеңіп алды. Болашақта бұл мықтыларымыз әлем чемпионы болады деп отырмыз. Бокста Жұмабек Пірназаровтың шәкірттері де осал емес. Диас Алтыбай облыстық чемпионатта қоланы еншілесе, Ермұхан күмісті місе тұтты. Самбо күресінен де ауыз толтырып айтар жаңалығымыз бар. Қиса Манас пен Мадина Әлімбекованың шәкірттері жүлдемен оралып жүр.

Мәселен, Мұхамед Тінейбай облыстық чемпионатта екі мәрте алтын тұғырдан қол бұлғады. Республикалық турнирде де айдарынан жел есті. +98 келіде өнер көрсететін самбошымыздың болашағы зор. Нұрсұлтан Тажымұқан, Медет Аяпберген де республикалық турнирлердің жүлдегері. Грек-рим күресінде Дуаш Жайдар, Алмат Асқар, Әшімақын Әлібек, Серік Кәкібалановтың шәкірттері ел сенімін ақтап жүр. Рамазан Қайыржанұлы облыста жүлдегер атанса, 92 келі салмақта өнер көрсеткен Райымбек Қайыржаұлы республикалық турнирдің жүлдегері. Мұның сыртында осы мекепке қарасты Әйтей ауылында орналасқан Қуаныш Ахметжанов басқаратын «Әйтей» сауықтыру-кешенінде жаттығатын балалардың да жетістігі мол. Ашылғанына аз ғана уақыт болса да жас жеткіншектер түрлі додалардан жүлдемен оралып жүр. Міне, осындай жетістіктеріміз бар. Алдағы уақытта бұдан да жоғары өнер көрсетеміз деген ойымыз бар.

– Мектебіңіздегі жеткіншектердің жетістігіне қуанып отырмыз. Ендігі жерде өзіңіздің жетістігіңізге тоқталсақ. Сізді біз боксшы ретінде жақсы білеміз. Қазір басшылық орынға келгесін, бокстан қол үзіп қалмадыңыз ба?

– Рәке, сауалыңыздың төркінін түсіндім. Басшылық қызметке келгесін, былғары қолғабыңызды шегеге іліп қойған жоқсың ба деп отырсыз ғой. Жоқ, ең бірінші мен өзім үлгі болуым керек. Өзіңіз жақсы білесіз, облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Молдахметұлы кәсіби спортшы, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, одан кейін олимпиадалық резервтерді даярлау орталығының директоры, Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Мәулен Мамыров, ойын түрлерінен мамандандырылған спорт мектебінің басшысы Ермек Сүйеніш бокстан спорт шебері, жалпы облысымыздағы барлық спорт мектебінің директорлары спорттың нағыз майталмандары. Олардың барлығы басшылық қызметпен қатар спортты бірге алып жүр. Енді менің орындықта отырып қалғаным жарамас. Сондықтан боксты тастағам жоқ, тұрақты шұғылданып тұрамын. Өткен жылы халықаралық турнирде жеңімпаз атандым. Спорт шебері деген атағым бар, үнемі спорттық қалыпта болу үшін жаттығудан қол үзбеймін. Басшылық менің қызметім болса, бокс – менің мәңгілік өмірім!

– Бәрекелді, бұл сауалыңыз нағыз білікті басшы, нағыз спорт жанашырының жауабы болды. Осы орайда алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– Алда жоспар өте көп. Мектебіміздің техникалық базасы өте жоғары. Осыған байланысты облыс басшылығымен келісіп, алдағы уақытта колледж ашсақ деген ойымыз бар. Оны жақында облыс әкімі Қанат Бозымбаев келген кезде бұл мәселеге кеңінен тоқталғанбыз. 600 балаға арналған спорттық колледж ашылса өте жақсы болады. Оның өзіндік мағынасы бар. Төл шәкірттерімізді спорт мектебінен кейін колледжге түсіріп, жергілікті балаларды ұстап тұра аламыз және кадрларды да өзіміз даярлап, алдағы уақытта жұмыспен қамтуға да мүмкіндік туады. Оған арнайы жатақхана мен оқу корпусы салынады. Жаттығу базасы дайын. Міне, осындай ауқымды жоспарымыз бар, ол алдағы уақытта іске асады деп отырмыз.

– Сұхбатыңызға рахмет, заман талабына сай ашылған спорт мекемеңіз болашақ чемпиондардың ұстаханасына айналсын!

Сұхбаттасқан - Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Қарасай ауданы

Алматы облысы