ЖЕТІСУ БӨРІСІНЕ АВТОКӨЛІК КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ. ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИР ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Уақыты: 03.05.2022
Оқылды: 1498

Талдықорғандағы «Жастар» Спорт сарайында қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық жарысына іріктеу үшін «Жетісу  бөрісі» облыстық турнирі өтті. Турнирдің ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ қатысты.

Шараға тұңғыш «Қазақстан барысы», Іле ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ұлан Рысқұл және бірқатар танымал спортшылар да келді.

Турнирдің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Қанат Бозымбаев облыста спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Облыс әкімінің айтуынша, спорттық инфрақұрылым желісін кеңейту арқылы бұқаралық спортты, балалар спортын, сонымен қатар ұлттық спорт түрлерін жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік мол.

- Бұл турнир болашақта жоғары дәрежелі палуандарды дайындап, тәрбиелеуге үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын. Халқымызда «Нағыз балуан алып та жығады, шалып та жығады» деген сөз бар. Ендеше, бүгінгі додада ұлттық намысымыздың ұйытқысы болған палуандарымыздың баптары бағына сай болып, шын жүректен жеңіске жетсін деп тілеймін! – деді Қанат Бозымбаев.

Жарыста аудандық және қалалық іріктеу жарыстарынан жеңіп шыққан 40 палуан күш сынасты. Турнир қорытындысында алакөлдік Мәди Еділбаев жеңімпаз атанып, оған басты жүлде «Лада Гранта» автокөлігі берілді. Екінші орынның тұғырына қапшағайлық Мәди Сапин көтеріліп, 1 миллион теңге иеленді. Осы жарыстың ақтық сынына жеткен осы екі палуан биылғы жылдың маусым айында елордада өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде Алматы облысының намысын қорғайтын болады. «Жетісу бөрісінің» үшінші орнын Кеген ауданының палуаны Бексұлтан Әнуарұлы алды. Оған 500 мың теңге сыйлық берілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"