ЕЛУ КҮН ЖОЛДА. 70-ТЕН АСҚАН ҚАРТ САЯХАТШЫ ҚАЗАҚСТАНДЫ ЖАЯУ АРАЛАП ЖҮР

Уақыты: 20.05.2022
Оқылды: 1610

«Қонақ келсе құт келер» демекші, жер жаннаты Жетісу өлкесінде елімізді жаяу аралап жүрген Сәрсенбай Қотырашев қонақ болды. «Алтын адам» Жетісу шеберлері орталығының ұйымдастыруымен Рухани жаңғыру орталығында 72 жастағы саяхатшымен кездесу өтті.

Алғашқы болып сөз алған Сәрсенбай Қотырашев:

– Бейнеттің соңы еңбек болады. Еңбектің түбі қашан да жемісті жеңіс. 31 наурыз күні Ұлытаудан саяхатымды бастадым. 140 шақырымды жиырма сегіз сағатта жаяу жүріп өтемін. Жезқазғаннан бері қарай арбамды сүйреп келемін. Арбамда өзіме қажетті заттар, киім-кешек, азын-аулақ тамағым бар. Менің ел аралаудағы мақсатым, бірінші – Ұлытаудың 6 мың жылдық тарихы бар. Сонау тас дәуірі мен қола дәуірінен бастау алады. Ең бірінші болып осы жерде металл қорытқан. Бұл аймақта алғаш жоңғарларға тойтарыс берген. Үш жүзден құралған елу мың әскер екі жүз мың әскерге төтеп беріп, жеңіске жеткен. Соны елге насихаттап түсіндіру. Екіншісі – қазақтың қолөнер шеберлерінің тізімін ЮНЕСКО-ға өткізу. Бұдан келетін пайда егер мыңнан астам адам тіркелсе, бізге жеке сайт ашып береді. Сайт арқылы біздің шеберлердің туындыларын шетелдегі көрмелерге қоюға болады. Сонда қолөнершілердің арқасында да Көк Туымыз көтеріледі. Үшінші – «Қымыз» мерекесін қайта қалыптастыру. Елімізде қымыз мейрамы тойланбайды. Жылқыны бірінші қазақтар қолға үйреткенін білесіздер. Оны ежелден тойлап келген, енді сол мерекені қайта жаңғырту. Саяхатым Ақтау қаласынан аяқталады. Ары қарай пойызбен Нұр-Сұлтан қаласына жол тартып, «Қымыз» мейрамын күнтізбеге ұлттық мереке етіп бекіткізу үшін Президентке халық атынан хат жолдаймын, – деп сөзін аяқтады.

Сәрсенбай Қотырашев Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының тумасы. "Ұлытау" қорық-музейінде сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру шебері болып жұмыс істеген. Терісаққан ауылында мешіт, Ұлытау ауылында қажылар үйін тұрғызды. Осы еңбегі бағаланып, мүфтияттан Алғыс хат алған және 5 мерейтойлық медалі бар.

Саяхатшының айтуынша, Ұлытаудан Ақтауға дейінгі 8000 мың шақырым қашықтықты жаяу жүріп өтуі керек. Ол бұл саяхатқа 6 жыл бойы дайындалған. Құбылмалы ауа райы мен шұрық тесік жол ақсақалға көп қиындық туғызбайды. Осы күнге дейін күніне 40-100 шақырымды жаяу жүріп дайындалған екен. Саяхатшы Талдықорғаннан Аягөз, одан әрі Өскемен, Семей, Павлодар, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Атырау, Бейнеу және Ақтау қалаларына аттанады.

Жиында саяхатшыға «Алтын адам» Жетісу шеберлері орталығының атынан Алғыс хат, арнайы логотиппен көркемделген бас-киім, сондай-ақ, «Жетісу жауһарлары» кітабы табысталды. Рухани жаңғыру орталығының басшысы Ерасыл Толымбекұлы мен «Jetisý» газетінің тілшісі  Қажет Андас өздерінің ақжарма тілектерін білдірді.

Аталмыш кездесуде Сәрсенбай ата басынан өткен оқиғалары жайында әдемі әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, ендігі кезекте тек Қазақстанды ғана емес, әлемді жаяу жүріп өтсем деген арманымен бөлісті.

Шара соңында Рухани жаңғыру орталығының мамандары мен «Алтын адам» Жетісу шеберлерінің мүшелері ақсақалға құрмет көрсетіп, алғыстарын айтты.

Кәмилла ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Алматы облысы