Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

СПОРТПЕН ШҰҒЫЛДАНАМ ДЕУШІЛЕРГЕ БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН, БІРАҚ КӨБІ ЖАЛҚАУ

Уақыты: 23.05.2022
Оқылды: 1868
Бөлім: АЛАМАН

«Спортпен айналысқаныңыз ол өзіңізге, денсаулығыңызға салып жатқан инвестицияңыз. Жаттығуға 10 мың теңге қимасаңыз, кейін 40 жастан асқанда денсаулығыңыз сыр беріп, миллиондаған қаражат жұмсасаңыз да қайтара алмайсыз».

Ардақ НАЗАРОВ,

әлем чемпионы

Денсаулық – зор байлық. Өмірімізге короновирус пандемиясы енгелі денсаулықтың қаншалықты құнды екенін шынымен түсіндік-ау.

Денсаулықты сақтаудың алғы шарттарының бірі – спортпен шұғылдану. Біздің ел спортпен шұғылданудың пайдасы зор екенін баяғыдан білген. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы спортпен тығыз байланысты. Баланы жастайынан тайға мінгізіп баулиды, түрлі бәйгелерге қосады. Асық ойнатып, көкпар тартқызған. Теңге ілдіріп, аударыспаққа баулыған. Аңшылық, саятшылыққа үйретті. Ер жігіттің бес қаруының сай болуын, оның әрқайсысын қолдана білуін қадағалаған. Міне, бұл дағдылар қазақтың мықтылығына негіз болды. Ат жалында жүрген бабаларымыз мықты тән мен мұқалмас рухтың арқасында ұлан-ғайыр жерді бізге мұраға аманаттады.

Қазір қандаймыз? Шүкір, қазақтар арасында спорттың әр түрінен әлемді мойындатқан мықтылар жетерлік. Бірақ, біздің қатар, өзімнің айналамда спортты серік еткендер жағы аз. Менің спорт деп отырғаным нақты бір түрі емес. Салауатты өмір салты.

Біздің буын гаджеттер буыны. Иә, түрлі графикалық ойындар, виртуалды әлем – қазіргі мен қатарластардың ажырамас бөлігі. Оны, әсіресе, карантин буған кешегі пандемияда айқын сезіндік. Бірақ өмір виртуалды емес қой! Сау тәнде ғана сау жан мекендейтінін ғұламалар әлдеқашан айтып кеткен.

«Сурогат» атты фантастикалық фильм көрген едім. Сондағы пәлсапа қатты әсер етті. Қатарластарыма көруге кеңес беремін. Біздің басты кемшілігіміз – жалқаулық, енжарлық. Көп қатарластарым залға барып жаттыққаннан гөрі «Тик-ток» көргенді, футбол ойнағаннан гөрі смартфонмен шайқасқанды артық санайды. Сол себептен де аулаларда спорт алаңдары бос тұрады. Шын мәнінде қазір спортпен шұғылданам десеңіз барлық жағдай жасалған. Тек соған күнделікті уақыт таба білу керек. Жаттығу жасаймын десеңіз спорт құрылғылары аулаларда, саябақтарда орнатылған. Ал, спорт залына барып жасаймын десеңіз, бағасы айтарлықтай қымбат емес.

Артылған аманатты кейінгі буынға жеткізу – біздің парыз. Отанды қорғап, отбасын асырау үшін денсаулық маңызды. Оны осы бастан шыңдау керек дер едім.

Мадияр БОЛЫСБЕК,

М.Ломоносов атындағы №5 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы

Талдықорған қаласы

Алматы облысы