«QAREKET» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАДЫ

Уақыты: 07.06.2022
Оқылды: 1302

Мемлекеттік рәміздер күніне орай Талдықорғанда шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды. Аталмыш додаға Жастарға қызмет көрсету орталығы бастамашы болды.

Жарысқа сегіз команда қатысты. Оның ішінде, әуесқойлар арасында қала біріншілігінде бақ сынап жүрген командалар да бар. Журналистер, «Жетісу жастары» (Жастарға қызмет көрсету орталығы), «Мектеп» құрама командасы, Жолдасбеков колледжі бір топқа түсті. Бірінші кездесуде «Мектеп» командасын 3:0, екіншіде Жолдасбеков колледжін 3:1 есебімен ұтып, «Жастармен» (1-1) тең тарқасты.
Осылайша, журналистер командасы топтан 7 ұпай жинап, бірінші орынмен шықты. Жартылай финалда қарсы топтан екінші орын алған агротехникалық колледжінің жастарынан құралған командамен шеберлік байқасты. Әккі жастар тегеурінді қарсылас бола білді. Негізгі уақытта ойын тең аяқталып, кездесу соңындағы пенальти сериясы бойынша «Qareket» командасы (3-2) басым түсті.
Бір қызығы, команда сапынан 2 ретпен пенальтиге шыққан «Qareket» командасының ойыншысы Серік Қантаев мүлт кетіп, келесі кезекте қақпашы есебінде өзі сұранып, допты қайтарып, қателігін түзетті. Пенальти сериясында Айдос Қалиев қарсыластың соңғы добын тойтарып, финалға жолдама алды. Ақтық сында журналистердің жолын «ТОГ» командасы тосты. Олар жартылай финалда «Жетісу жастарын» 1:0 есебімен ұтты. Осылайша, финалда жолдары түйіскен екі команда арасындағы ойын тартысты өтті.
Осы тұста ескере кетейік, шешуші кезеңде қарсылас болған команданың барлық ойыншысы сөйлеу және есту мүшесі зақымданған азаматтар. Сөйлеу қабілеті жоқ дегені болмаса допты ұршықша иіреді. Өте тегеурінді қарсылас. Кескілескен ойында бірінші болып «қарекеттік» Асыл Сұлтанғазы есеп ашқан. Ойынның екінші бөлігінде «ТОГ» командасы айып добына (пенальти) мүмкіндік алып, есеп теңестірді. Матч соңына «Qareket» командасының қақпасына айып добы тағы белгіленді.
Нәтижесінде, айып соққысын қақпаға дәл бағыттаған «ТОГ» командасы турнирдің чемпионы атанды. «Qareket» командасының ойыншысы Ерлан Ошақбаев жарыстың «үздік шабуылшысы» атанып арнайы сыйлыққа ие болды. «ТОГ» 1-орын 200 мың теңгеге қол жеткізсе, «Qareket» 150 мың теңгенің сертификатын еншіледі. 3-орын агротехникалық колледж студенттеріне бұйырды (100 мың тг.).
«Qareket» командасының сапында доп тепкен Есболат Айдабосын, Ризат Қыдыралин, Айдос Қалиев, Ерлан Ошақбаев, Асыл Сұлтанғазы, Айдар Қалиев, Серік Қантаев, Аршын Айдынбек, Ерсұлтан Жүнісбек нағыз қаһармандық танытты. «Qareket» командасы екінші орынның жүлдесін қатты сырқаттанып қалған Орынбасар Серікбайдың еміне аударып, қайырымдылықты қолға алды. Алла Орынбасарға шипа берсін!

Ришад ТҰРҒАНБАЙ