ЖЕЛДЕЙ ЕСКЕН ЖҮЙРІКТЕР

Уақыты: 17.06.2022
Оқылды: 1372

Тас жолдағы велосипед спортынан 13 пен 14 жас аралығындағы ұл-қыздардың қатысуымен Талғарда веложарыс өтті.

Облыстық бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Ержан Айдарханов велошабандоздарды құттықтап, сәт сапар тіледі. Жарысқа облыстан 11 команда, 95 спортшы қатысты.
Екі күндік бәсекеде велоспортшылар барын салды. Жүзден жүйрік шыққандар жеңімпаз атанды. Айтар болсақ, жекелей жарыс қорытындысы бойынша алғашқы күні Талдықорғаннан келген велоспорт шебері Никита Чжан алтын алқа тақса, талғарлық Данил Третьяков күміс, талдыбұлақтық Файзолла Азаматұлы қола медаль олжалады. Қыздар арасынды Кеңдала ауылынан қатысқан Әнел Тәшбай алтын алса, талғарлық Карина Китайгора күміс, алматылық Марина Ковалева қоланы еншіледі. Тас жолда желдей жүйткіген жас велосипедшілер жарысының екінші күні де тартысты өтіп, бәсекенің бірінші күні оза шапқандар тағы да жеңімпаз атанды.  

Мұстафа ИСРАИЛ
Талғар ауданы
Алматы облысы