ФУТБОЛ ОЙНАП, БАСПАНА СЫЙЛА

Уақыты: 15.06.2022
Оқылды: 1347

Талдықорғандағы «Жастар-2» спорт сарайында шағын футболдан «1000 теңгеге баспана» атты қайырымдылық турнирі өтті. «Харекет» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен өткен жарысқа түрлі мекемелерден жасақталған командалар қатысты. 

Сайыстың ашылу салтанатында облыстық «Харекет» қайырымдылық қорының жетекшісі Амангелді Төлемісов сөз алып, спортшыларға сәттілік тіледі.
– Турнирге әр команда 20 мыңнан жарна төлеп қатысып жатыр. Жиналған қаражат баспанаға мұқтаж жанға беріледі. Осы уақытқа дейін «Харекет» қайырымдылық қоры 686 жанға баспана сыйлады. Үйлі болғандардың 52-сі – Жетісу облысының тұрғындары. Жыл соңына дейін республика бойынша 400 отбасын шаттыққа кенелтсек деген ниетіміз бар. Бүгінде облыс бойынша 60 адам қор кезегінде тұр, – деді.
Ала доп аламаны тартысқа толы болды. Екі топқа бөлінген командалардың ойыны айналмалы жүйе бойынша өрбіді. Алғашқы кезеңнен-ақ  шағын футбол шеберлері бұл сайысқа тыңғылықты дайындықпен келгенін көрсетті. Кәсіби футболшылардай ұйымдастырылған жүйелі шабуылдар. Жоғары дәрежеде өткен бәсеке жиналған жұртты бір серпілтіп тастады. Әсіресе, ақтық сында өнер көрсеткен командалардың ойыны. Бір-бірінің қорғанысынан саңылау іздеп, ұрымтал тұста мүлт кетпейтін қос команда бұл ойында асқан техника мен шеберлік тактикасын ортаға салып, жиналған жұрттың таңдайын қақтырды. 
 Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды «Ақбұлақ» командасы еншіледі. 2-орынды Жетісу университетінің ұжымы жеңіп алса, үздік үштікті Журналистерден жасақталған «Қарекет» командасы түйіндеді. Жарыс жүлдегерлері мен жеңімпаздары кубок, медальмен марапатталды. Сонымен қатар, «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік сұрмерген» атанған  ойыншылар да марапаттан тыс қалмады. 
Жеңімпаз команда шілде айында сатып алынатын баспана кілтін мұқтаж отбасына табыстайды.

А. НАЗАРҰЛЫ