Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

«ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ»

Уақыты: 21.06.2022
Оқылды: 804
Бөлім: АЛАМАН

Комбат джиу-джитсудан спорт шебері, жастар арасында өткен ел чемпионатының жеңімпазы, әлем чемпионы (Украина, 2021 жыл) жерлесіміз жас файтер Ерзат Қанатайұлымен сұхбаттасудың сәті түсті. 


– Ережесіз жекпе-жекті таңдауыңа ағаң әсер еткені сөзсіз. Ағаңның қай жекпе-жегі сенің көңіліңде айрықша қалды және ата-анаң аға жолын таңдағаныңды қалай қабылдады?
– Әуесқой жекпе-жектерін видеодан көріп қызығатынмын, ал 2019 жылы қырғыз спортшысы Бекболат Нұрбековпен шыққан алғашқы кәсіпқой жекпе-жегі көңілімде ерекше сақталды. Ата-анам басында осы спортты таңдауыма қарсы болды, қазір жарысқа барарда өздері демеп, қолдау көрсетіп, батасын беріп отырады. 

– Сен қатысатын жарыстардың арасы жиі. Бәріне қатысуға тырысасың. Оның үстіне жасөспірімдер мен ересектер арасындағы турнирлерге де жас таңдамай қатыстың. Тез арада қалыпқа келу үшін не істейсің, дайындық қалай жүреді? Өзіңе қатты әсер етпей ме, қиындық тумай ма? Өзің қатысқан, арасы жиі болған жарысты да айтып өтсең.
– Талдықорғандағы "Жастар" спорт сарайында Ержан Шиырбай және Нұрлан Аманкұлов ағаларымның қоластында жаттығу жасап, биыл жарыстарға мейлінше жиі қатысуға мақсат қойдық. Аллаға шүкір, жарыстар жарақатсыз аяқталды. Сол себепті жарыстан кейін жаттығуға қайта кірісіп, келесі жарысқа дайындықты бастап кетемін. Ешқандай қиындық болмады. Жетісай қаласынан жекпе-жек спортынан чемпион болып келіп, пойыздан түспестен Петропавл қаласына қоян-қолтық ұрыстан ҚР чемпионатына аттанып кеткенім есімде қалды және сол кезде сәл қиындау болды.

– Жас файтер есебінде өзіңнің қатарлас құрдастарыңның жекпе-жегін жиі қарап отыратының анық. Қай қатарласыңнан болашақта мол үміт күтесің?
– Залда достарым өте көп, солардың ішінде Аида Байтурбаеваны атауға болады. Ол екеуміз Әлем чемпионатына барғанбыз, сонда ересектер арасында финалға шықты. Сол сияқты, Әлнұр Кисетаев, Елдар Дәулет, Жансейіт Еламан сынды құрдастарымның болашағынан зор үміт күтемін. 

– Бүгінде ережесіз жекпе-жекті ұйымдастыратын, оны көрсететін түрлі ұйым бар, олардың өзіңе деген қызығушылығы және сенің оларға деген көзқарасың?
– Әзірге әуесқой жекпе-жектерден тәжірибе жинауым керек. Оның үстіне жастар құрамасына енді өтіп жатырмын. «Спорт шебері» атағын да жақында алдым. Ендігі мақсат – ересектер арасында «Әлем чемпионы» атанып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері боу. Содан кейін ғана ары қарай өз спорттық карьерамды ойластырамын. Иә, қазіргі таңда ұйымдар және олардың көп болғаны да жақсы. Тәжірибе алмасу, өсу үшін аса қажет. Кез келген спорттың шығар шыңы Олимпиада болса, біздің Олимпиада – UFC. Келешекте сол жақта жеңіске жетіп, көк Туымызды желбірету – арманым.

Серік ҚАНТАЙ