БҰҚА КӨТЕРГЕН БАЛУАН

Уақыты: 21.06.2022
Оқылды: 1622

Абай облысы, Үржар ауданы Қарақол ауылының 90 жылдығына орай дүбірлі той өтті. Ауыл тұрғындары мерейтойды кең көлемде ұйымдастырды. Ұлттық спорт та мерекенің абыройын асырды.

Сондай дүбірлі доданың бірі – бұқа көтеру жарысы көптің делебесін қоздырып, талайдың таңдайын қақтырды. Салмағы 180 келі тартатын бұқаны көтеруге ниет білдіргендердің қатары көп болды. Десе де, бір-екі қадам жасаудан аспады. Ал Жетісу облысының мықтысы, грек-рим күресінен спорт шебері Айдын Нұғыманов үлкен бұқаны иығына асып, 86 метрді жүріп өтті. Осылайша бәйгеге тігілген бұқаны Айдын Нұғыманов қанжығасына байлады.

Айдын – бұған дейін де талай тойдың бәйгесін алған Толағай. Бірақ ол кезде 70-80 келі қошқарды 200-ден аса көтеріп, 100-ге тарта қошқар жинаған. Бұл жолы бағын бұқа көтерумен сынап, жеңіске жетті.

Ришад Тұрғанбай