САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫ - ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

Уақыты: 20.06.2022
Оқылды: 1670

Біздің мақсатымыз – салауатты өмір салтын насихаттау, оқушыларды спортпен айналысуға жұмылдыру. Осыған орай биыл мектебімізде «Салауатты өмір салты» жобасының  жылдық жұмыс жоспары жасалып, сол жобаны іске асыру аясында шығармашылықпен жұмыс жасалды.

       «Салауатты өмір салты» жобасының жұмыс жоспарына сәйкес  дене шынықтыру әдістеме бірлестігінің ұйымдастыруымен Қазақстан мақтанышы, Парасат орденінің иегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Теміржан Дәулет Серікұлымен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге қатысқан жоғарғы сынып оқушылары спорт шеберімен болған сұхбатта ойларында жүрген сұрақтарына жауаптар алды. Қазақстан спортының дамуы, жетістіктері, өскелең жастарға спорттың берер пайдасы мен тәрбие негізіне әсері туралы келелі мәселелер қозғалды. Паралимпиадалық жүлдегер спортшы жан-жақты, қызықты әрі танымды ойларымен бөлісіп, әр бала салауатты, білімді болғанда еліміздің туы көкте шарықтай беретінін атап өтті.

Қоғамның болашағы әрбір адам денсаулығына байланысты екендігін ескере  келе,  мектебіміздің шаңырағында мұғалімдер арасында көптеген спорттық шаралар ұйымдастырылып отырады. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және қала күнінің 20 жылдығына орай мұғалімдер арасында волейболдан жарыс өтті. Мектепте шахмат, шашки сынды үйірме жұмыстары да жандануда. «Салауатты өмір салты» жобасына сәйкес «Эко фестиваль» экологиялық өзекті мәселелер бойынша жобаларды қорғау атты іс-шара өтті. Шараның мақсаты – экологиялық ілімнің негізгі қағидаларын негізге ала отырып, білімділікке, сауаттылыққа және тәрбиелікке мән беріп еліміздің экологиясын қорғауға өзіндік  үлес қосуға шақыру.  Байқау қорытындысы бойынша тарих бірлестігі 1-орын, Дене  шынықтыру бірлестігі 2-орын, қазақ тілі бірлестігі 3-орынды иеленді.

Талдықорған қаласының  дене шынықтыру және спорт бөлімінің және №2 орта мектеп ұжымының ұйымдастыруымен, аталмыш мектеп базасында ҚР Тәуелсіздігінің 30-жылдығы, 1-желтоқсан ҚР тұңғыш Президенті күні мерекесіне  және «Салауатты өмір салты» жобасы аясында волейболдан қалалық мектептер арасында Талдықорған қаласының турнирі өтті.Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері  қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің кубоктары мен, медальдары мен дипломдарымен марапатталды.

Келер жылы да тамыз кеңесі қарсаңында жаңа жоспар дайындалып, спорттық шаралар тұрақты түрде өтеді.

Айжан ЕРЖАНОВА, 
№2 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі 
Талдықорған қаласы
Жетісу облысы