Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

КАМИЛЬ МЕН ДАРЫН ЖАРАДЫ! ИТАЛИЯДА КӨК ТУ ЖЕЛБІРЕТКЕН БАЛУАНДАР

Уақыты: 02.08.2022
Оқылды: 624
Бөлім: АЛАМАН

Италияда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында еліміздің еркін күрес шеберлері жүлделі болды. Үміт артқан серкелеріміз ел қоржынына екі алтын медаль салып, қуанышқа бөледі.

Жарыста 55 келіде бақ сынаған Дарын Әскербек ешкімге дес бермеді. Ақтық сынға дейін қарсыластарын қоғадай жапырған Дарын финалда АҚШ-тың мықтысы Жаксен Патрик Форрестпен белдесті. Екі палуанның арасындағы тайталас нағыз классикаға айналды. Алғашында отандасымыз қарсыласынан ұпай санымен ұтылып жатқан. Намысты қолдан бермеген Дарын қайратына мініп, соңғы сәтте жеңісті жұлып алды. Есеп 11:10. Осылайша жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының алтынына қол жетті.

Одан кейін 92 келіде сынға түскен жерлесіміз Камиль Куруглиев Венгрияның намысын қорғаған Муса Арсункаевты 11:0 есебімен ұтып, Қазақстан құрамасы қоржынына екінші алтынды салды. Камиль – әлем чемпионатының қола жүлдегері, үш бірдей Олимпиада ойындарына қатысқан даңқты палуан Магомед Куруглиевтің ұлы. 

Ришад ТҰРҒАНБАЙ