ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМА КОМАНДАСЫ ҚОЛАҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ - АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ

Уақыты: 07.08.2022
Оқылды: 1212

Елордада дзюдодан Азия чемпионаты өтті. Төрт күн бойы 19 елден, 200 дзюдошының басын қосқан бәсекеде Қазақстан құрама командасы жалпыкомандалық есепте үшінші орынды алды. Алтын медальді Жапон құрамасы иеленсе, күміске Монғол мемлекеті табан тіреді.

Жалпы, Елордадағы Азия чемпионаты жаман өткен жоқ. Бұған дейін талай мәрте ірі додаларды қабылдаған қазақ елі  бұл жолғы бәсекені де жоғары деңгейде өткізді. 2015 жылы әлем чемпионатын өткізгенде де халықаралық дзюдо федерациясы жоғары баға берген болатын. Сол үшін де Қазақстан мемлекетіне бұндай ірі жарысты сеніп тапсырды.

Биыл дзюдодан ұлттық құрама командасында өзгерістер көп. Алдымен құраманың бас жаттықтырушысы ауысты. Оған Нұрбол Сүлейменов бекіді. Кезінде талай мықтының жауырынын жер иіскеткен Нұрбол, бұл жолы бағын бапкерлікпен сынамақшы. Алғашқы ірі бәсекесі жаман басталған жоқ. Құрама сапына жаңа дзюдошыларды алып, жас таланттарға мүмкіндік берген. Сондай-ақ, сақа спортшыларды да дүбірлі додаға қайрап салды.

Сенім артқан серкелердің нәтижесіне келер болсақ, Данияр Шамшаев (73 келі) алтын алды. Ал Ислам Бозбаев (100 келі) пен Абиба Абужақынова (48 келі) күміс медаль иегері атанды. Сондай-ақ Нұрлыхан Шархан (100 келі), Дидар Хамза (90 келі), Аруна Жангелдина (78 келі), Мағжан Шәмшадин мен Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) қола медаль алды. Бәсекеде бақ сынағандардың барлығы аянып қалмады. Олардың беталысына қарап, құрама командада жаңа серпіннің бар екенін байқауға болады.

Енді алда Ташкентте өтетін әлем чемпионаты бар. Ел сенімін арқалаған ұл-қыздарымыз әлем алтынына қол жеткізетініне сенім мол.

Әмір САНА