ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ВОЛЕЙБОЛШЫ ҚЫЗДАРҒА СӘТТІЛІК ТІЛЕДІ

Уақыты: 28.09.2022
Оқылды: 1783

Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында Жетісу облысының әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ жетісулық волейболшылармен жүздесті. Жетісу жері спорт саласы бойынша республикада алдыңғы қатарда. Жекелеген спорттан бөлек командалық спорт түрінен де жетісулық ойыншылар жанкүйерлердің үмітін ақтап жүр.

Соның бірі - волейболдан әйелдер арасындағы «Жетісу» командасы. Бұған дейін аталған қыздарымыз жеті мәрте ел чемпионы, Азия клубтық чемпионатының жүлдегері, ҚР кубогында да үздіктер қатарынан көрінген. Тек соңғы үш жылда шығыстың «Алтай» командасына есе жіберіп, күміс жүлдегер атанып жүр. Жаңа маусымның алдында волейболшылар облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлымен кездесіп, өздерінің жоспарларымен қатар, алдағы чемпионатқа болжам жасап, команданың жаттығуына байланысты өтініш-тілектерін жеткізді.

Команданы толғандыратын басты мәселе – клубтың бюджеті мен оқу-жаттығу жиынын өткізетін спорттық нысанның жетіспеушілігін алға тартты. Бұл орайда «Жастар» спорт сарайынан бөлек «Динамо» спорт кешенінің бар екенін және оған талапқа сай жөндеу жұмыстары керектігін айтты. Өз кезегінде облыс басшысы жауапты мамандарға тапсырма беріп, аталған жаттығу залын жөндеуден өткізуді, керекті қаражатты бөлуді жүктеді. Мұнан бөлек клубтың бюджеттік қаражаты оңды шешілетінін жеткізді. Сондай-ақ «Жетісу», «Айқаракөз» командаларының бас жаттықтырушылары Е.Павлова мен В.Шиндовқа нақты міндет қойды.

– Ең бірінші жоғары лигада ойын нәтижесін көрсетіп, бұрынғы чемпиондық атақты қайтару керек. Жоғары көрсеткіш арқылы біз жас жеткіншектерді тәрбиелейміз және жергілікті ойыншылардың көбеюіне ықпал жасаймыз. Ол үшін бар күш-жігерімізді салу керек, әкімдік тарапынан барлық қолдау көрсетіледі, – деді облыс әкімі.

Еске сала кетейік, әйелдер арасындағы «Жетісу», «Айқаракөз» командалары ұлттық лигада өнер көрсетсе, ерлер командасы жоғары лигада ойнайды. Фармклуб ойыншылары өз лигаларында ойнап, негізгі құрамға жаңа ойыншыларды дайындаумен айналысады.

Кездесу соңында облыс әкімі Бейбіт Исабаев әйелдер арасындағы «Жетісу» – «Айқаракөз» командасының жолдастық кездесуін тамашалады. Тартысты ойында «Жетісу» командасы жеңіске жетті. Есеп 3-0. Жүздесу соңында өңір басшысы ойыншылар мен жаттықтырушыларға сәттілік тілеп, чемпионатта алтын тұғырдан қол бұлғауларына тілектестігін білдірді.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Фото - Дмитрий ЕРОФЕЕВ

Жетісу облысы