РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН ЖАРЫС ӨТТІ - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 26.10.2022
Оқылды: 2118

Республика күнін мерекелеу аясында Қонаев қаласында жүгіруден жарыс өтті. Оған мектеп оқушылары, қарттар мен қала қонақтары қатысты.

Спорттық шараға қатысқандардың ең кішісі – 7 жаста, ең үлкені – 63-те.

– Баршаңызды мерекемен құттықтаймын! Жарыс жеңіл атлетиканы және жалпы спортты насихаттау мақсатында өткізілді. Шараға Қонаев қаласының 8 мектебі, сондай-ақ, Қаскелең мен Талғардан келген жүгірушілер қатысты. Жарыста 5, 6, 7, 8 сынып оқушылары 2 шақырым, үлкендер 3 шақырым қашықтыққа жүгірді. Шараға барлығы 600-ге жуық адам қатысты, – дейді Алматы облысының жеңіл атлетикадан аға жаттықтырушысы Валерий Еремин.

Спорттық жарысқа облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев қатысып: «Бұл облыс орталығы болғалы бері ұйымдастырылған 2-ші жарыс. Спорт – денсаулық кепілі. Сол себепті мұндай ауқымды мерекеде бұған айрықша көңіл бөлінді», – деді. Содан соң басқарма басшысы жеңімпаздарды марапаттады. Жүлделі орынға ие болғандарға кубоктар мен медальдар, сертификаттар және спорттық су бөтелкелері табысталды.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы