АҚСУ АУДАНЫНДА ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ БОЙ КӨТЕРДІ

Уақыты: 24.11.2022
Оқылды: 1969

Ақсу ауылында заманауи спорт кешені бой көтерді. Сол киелі топырақтың атымтай жомарт азаматы Айдын Сүлейменнің демеушілігімен салынған нысан ауылдастарын қуанышқа бөледі.  Жаңа спорт кешенінде 180 бала бірнеше спорт түріне дайындала алады.

Жалпы, құны 350 млн.теңге  болатын  құрылыс  жұмыстарын  «Строй  монтаж  вектор»  ЖШС  жүргізген.  Кешенде  4 жаттығу залы бар және түгелдей қажетті спорттық жабдықтармен қамтылған. Яғни, ауыл балаларының баскетбол, волейбол, шағын футбол, бокс, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, қазақша және еркін күреспен айналысуына мүмкіндік мол.

«Бұған дейін балалар еркін күрестен ауылдағы Мамания мектебінің спорт залы базасында жаттығатын. Оларды аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен бөлінген маман жаттықтыратын. Енді күреспен қатар басқа да спорт түрлеріне қызыққан балалар осы кешеннің арнайы залдарында шынығатын болады. Штатқа жаттықтырушылар спорт мектебінен тартылады», – деді Ақсу аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Асхат Сауғанбаев.

Кешен жастарды саламатты өмір салтына баулып қана қоймай, уақытты тиімді пайдалануға, табандылық пен төзімділігін шыңдауға мүмкіндік бермек. Ақсу ауылы тұрғындарының орталықта болашақ чемпиондар өсіп шығарына сенімдері мол.

Гүлжан ТҰРСЫН

Ақсу ауданы,

Жетісу облысы