БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕКТІ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Уақыты: 28.11.2022
Оқылды: 1309

Талдықорған қаласында белгілі тележурналист, «Айтуға оңай», «Қарекет» токшоуының жүргізушісі, қазақтың қазыналы ұлына айналған Бейсен Құранбекті еске алуға арналған БАҚ өкілдері арасында республикалық турнир өз мәресіне жетті. Осымен үшінші мәрте жалауын желбіреткен дәстүрлі жарысқа республикамыздың сегіз аймағынан команда келді.

Жарыстың ашылу салтанатына Бейсен Құранбектің әріптестері, туған-туыстары, зайыбы қатысты. «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Әбікен, «Өлке тынысы» ЖШС директоры Досан Атантелов, Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли және доданың демеушісі «Медиалаб» ақпараттық орталығының жетекшісі Ришат Асқарбекұлы сөз сөйлеп, естеліктер айтты.

Жарыс басталмас бұрын Бейсен Құранбек жайлы бейнеүзінді көрсетіліп, жұрт марқұмды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Додаға келген 8 команда екі топқа бөлініп, доп тепті. Келген командалардың осалы жоқ. Астанадан жеткен «Хабар» командасы БАҚ лига ойындарының бірнеше дүркін чемпионы, сапында Грузияда  Коте Махарадзе атындағы журналистер арасындағы халықаралық турнирдің жеңімпаздары бар. Сонымен қатар, Сыр өңірінде өткен турнирдің чемпионы астаналық «Экспресс-К» да осал емес. «Шығыс-ақпарат» ойыншылары да жүлдеден дәмелі. Өткен жылы осы турнирдің чемпионы атанған «Алматы» құрамасы да ойыннан алар үлесіміз бар деп келгені анық.

Бейсен Құранбек атындағы турнирдің кубогын еншілейміз деп келген командалар күні бойы доп теуіп, мықтыны анықтады. Турнирдің беташар добын футзалдан ұлттық құрама мүшесі Жомарт Тоқаев ойынға қосып, жарыстың жолын ашты.

Топтық кезеңде қара үзіп шыққандардың арасында талдықорғандық «Қарекет», астаналық «Хабар», «Экспресс-К», Тараздан келген «Тараз-пресс» командасы болды. Осы 4 мықтының арасынан жарыстың чемпионы анықталды. Доданың тағы бір ерекшелігі – бәсекеге алғаш рет «Қазақфильм» командасының қатысуы және «Жетісу» арнасының "Ютуб" каналында тікелей трансляция жүріп, жанкүйерлердің доп додасын көруге мүмкіндік жасалғаны.

Міне, осы тікелей көрсетілімді тапжылмай қарап отырған жанкүйерлердің бірқатары жеңісті «Хабарға» ұстатса, бірі «Экспресс-К» командасының қанжығасына байлап жатты.

Сонымен, жартылай финалда «Қарекет» пен «Тараз-Пресс» командасының жолы түйісіп, ақтық сынға талдықорғандық «Қарекет» шықты. Ал «Хабар» мен «Экспресс-К» арасындағы ойында Бек Төлеу жасақтаған «Экспресс-К» ұжымының жолы болды. Үшінші орын үшін таласта "хабарлықтар" жеңіске жетіп, турнирдің қола жүлдесін еншілесе, финалда тең түскен «Қарекет» пен «Экспресс-К» тартысты ойын өрнегімен жанкүйерлердің есінде қалды. Талдықорғандық команда жүлдені алып қалуды жөн көрмей, қонақтардың қанжығасына байлау арқылы күміс жүлдені қанағат етті.

Бірінші орын иегері «Экспресс-К» командасына 800 мың теңгенің сертификаты, кубок және медаль табысталды. Екінші орынға 600 мың, үшінші орынға 400 мың және төртінші орынға 200 мың теңге берілді. Сондай-ақ, бірнеше номинация және арнайы Жұматай Жақыпбаев пен Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы жүлде де табысталды.

Жарысқа келген команданың барлығы жүлдесіз қайтқан жоқ. осылайша жоғары деңгейде өткен Бейсен Құранбек атындағы турнирге қонақтар дән риза болды.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Жетісу облысы