ИЛЬФАТ АБДУЛЛИН. АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 04.01.2023
Оқылды: 1399

Еліміздің намысын әлемдік аренада қорғап жүрген аудан мақтаныштарының бірі – Ильфат Абдуллин. Ол садақ атудан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ескелді ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында дүниеге келген жас спортшының болашағынан мол үміт күтіп, үлкен сеніммен қараймыз. 


Ильфат Абдуллин Токио Олимпиадасында жекелей сында 1/8 финалға дейін жетті. Қазақстан садақ атудан Олимпиадада бұрын мұндай жетістікке жетпеген. Ал командалық есепте Қазақстан құрамасы 2000 жылы Сидней Олимпиадасынан кейін араға 20 жыл салып Токиода өткен төрт жылдықтың басты додасына қатысты. Мұнда 2018 жылдан бері ұлттық құраманың мүшесі болған Ильфаттың да еңбегі бар. 

Өзі қатысқан алғашқы Олимпиадасынан кейін Ильфат тәжірибе жинағанын, үлкен атмосфераны сезініп, бәсекелестіктің шынайы үлгісін көргенін айтады. Келесі Олимпиадаға қатысу үшін барын салмақ. Осыған дейін Олимпиада жолдамасы Әлем және Азия чемпионаттарында 1-8-орын алғандарға беріліп келсе, жаңа ереже бойынша – 1-4-орын алғандарға беріледі. Демек, бәсекелестік екі есеге артады. Бұл турасында кейіпкеріміз үлкен техниканы талап ететін спорт түріне бұрынғысынанда тыңғылықты дайындалу керегін, бапкерлердің тапсырмасын мұқият орындау қажеттігін айтты. Осыған дейін классикалық садақ атудан ел біріншілігінде күміс алып келген Ильфат – биыл жазда алтын иеленді. Ильфат осы нәтижеге жету үшін көп еңбектеніп, қарсыластарынан бұрын өз-өзімен бәсекелесіп, ішкі толқынысты жеңіп, техникалық шеберлігін дамытуға барын салған. Еңбекқор спортшы өз қателігімен жұмыс істеп, келесі жарыста мүлтіксіз орындауға тырысады. Біз әңгімелеп отырған жан да солардың қатарынан. Келесі жылы болатын Азия ойындарына дайындықты бастап кетті. Ильфат 2018 жылы Жакартада өткен Азия ойындарында жекелей сында 3-орынға таласып, индонезиялық Риау Эга Агатадан 2:6 есебімен жеңілген. Кейіпкеріміз сол бір қателіктен сабақ алғанын, енді дайындық жоспар бойынша жүретін болса, алдағы Азия ойындарында оң нәтижеге жетпек. Әдетте жарыс алдында Ильфат қарсыласы және оның нәтижесі туралы ойламайды, сүйікті әнін тыңдап, мотивациялық видео көреді немесе тек жақсылықты ойлап, еркін болуға тырысады. Ал өзінің пайымдауынша садақшыға сенімділік (техникасына, бапкеріне), төзімділікпен шыдамдылық (садақшыға жетістікке жетіп, үлкен аренаға шығу үшін кем дегенде 5 жыл керек) және еңбексүйгіштік (күніне аз дегенде 500 жебе атасың) сынды үш негізгі қасиет керек.

Ильфат жарыстан, жаттығудан тыс уақытта  достарымен кездеседі және көбінесе Жетісу ауылында 6 жасқа дейін баққан әжесіне барып, қызықты сәттерін еске алады. Қайдан қалай шығып чемпион болғанын еш уақытта есінен шығарған емес. 

Кейіпкеріміздің жанкүйерлерге деген құрметі ерекше. Олардың қолдауын сезінген сәтте қосымша күшке ие болады. Олимпиада ойындарында дәл осы қолдаушыларының арқасында жақсы нәтиже көрсеткенін Ильфат тілге тиек етті. Әр жанкүйердің қолдауы оған қуат беріп, алға сенімді қадам басуына көмектеседі. 

Серік ҚАНТАЙ