ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА ҮЗДІК СПОРТШЫЛАР МЕН ЖАТТЫҚТЫРУШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 28.12.2022
Оқылды: 1713

Талдықорған қаласындағы «Салтанат» сарайында Жетісу облысының спортшыларының жыл қорытындысы өтті. Жиынға  облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли қатысып, 2022 жылдың үздік спортшылары мен жаттықтырушыларын марапаттады.

Жыл сайын дәстүрге айналған басқосуға байрақты бәсекеде оза шапқан спортшылар мен бапкерлері, спорт мекемелерінің басшылары жиылып, жылды қортындылады. Сондай-ақ, келер жылдың жоспарын талқылап, алдағы жұмыстарды тағы бір пысықтап өтті.

Келелі отырыста сөз алған Рустам Әли облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұылын ыстық ықыласын жеткізіп, жүктеген міндеттеріне кеңінен тоқталды. Онда Жетісу облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған қысқы спорт түрін дамытуға қолайлы жағдай туғызу, спорттық инфрақұрылымдарды салу бойынша және ауыл спортын дамытуға күш салу жайлы әңгіме қозғалды. Сондай-ақ, олимпиадалық спорт түріне көңіл бөліп, алдағы Олимпиада ойындарында Жетісу спортшыларының жүлделі орыннан көрінуіне жағдай туғызуды бүгіннен бастап қолға алуды айтты.

Жиын соңында бірқатар жетісулық спортшылар мен бапкерлердің еңбегін бағалап, арнайы марапаттар табыс етті.

Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен грек-рим күресінен елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы,  «Даулет-Жаркент» кәсіпқой спорт клубының директоры  Құдайберген Ағымов, Жетісу облысының «Спорт саласының үздігі» төсбелгісімен «Намыс» спортты дамыту дирекциясының директоры Ермек Сүйеніш және футболдан облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қайрат Абдрахманов марапатталды.

Сонымен қатар бірқатар азаматқа облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, облыстың «Үздік спорт қызметкері», «Құрметті спорт ардагері» атағы табысталды. Тағы бір айта кететін жағымды жайт Әлем және Азия чемпионаттарында көк туымызды асқақтатқан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге 1 миллион, 300 мың, 200 мың көлемінде ақшалай сертификат табыс етілді.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ, 
Жетісу облысы