ЕРМҰХАМЕД МӘУЛЕН: ЛЕГИОНЕР АЛҒАНША, АЛАҢ САЛМАЙ МА?..

Уақыты: 27.01.2023
Оқылды: 1498

Футболдан кезекті ел біріншілігінің басталар тұсы таяп қалды. Қатысатын 3-4 команданы есепке алмағанда, жаңа маусым қалған клубтар үшін қиындықпен басталады. Ол – алаң мәселесі. Сол үшін айыппұл төлеп, ұпайларынан да айырылып жатады. Стадион мәселесін жиі айтып, материал жазып жүрген белгілі комментатор, спорт журналисі Ермұхамед Мәуленмен осы тақырып төңірегінде сұхбат құрған едік.  


– Биылғы премьер-лигадағы стадиондардың алды 70 жыл бұрын салынған. Сапасы жағынан заман көшінен кеш қалған. Біздің бүгінгі жағдайымызбен инфрақұрылымды қалай, қай жағынан дамытқан дұрыс? Батпақ кешіп, суда сырғанап жүре береміз бе? Басшылық жаңа алаң салудан гөрі араға жыл салып ескі стадионды жөндеуге неге әуес?

– Бұл мәселені айтып жүргенімізге талай жыл болғанымен әлі шешілген жоқ. Осы тақырып аясында мақала да жаздық, өзгеріссіз.  Негізі бұл іске облыстық әкімдік, жергілікті спорт басқармалары жауапты. Елімізде инфрақұрылым мәселесі өте төмен. Тек Алматы мен Астанада ғана барлық жағдай жасалған. Ал қалған елді-мекендердегі жағдай нашар. Мәселен, Талдықорғандағы «Жетісу» стадионы сонау Кеңес кезінде салынған. Ал Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асты, сол аралықта 15 миллион еуроға жаңа ультра заманауи стадион салуға болатын еді. Алматы облысының жаңа орталығы Қонаев қаласында стадион атымен жоқ. Ол жерде орналасқан кешенді стадион деп айтуға келмейді. Сондықтан да ол қалаға заманауи алаң керек. Сол сияқты Талдықорғанда да қала сыртынан жаңа алаң бой көтеруі тиіс. Әйтпесе, жыл сайын маусым басында «Жетісудың» 6 ұпайын алып, 9 ұпайын шегеріп, айыппұл төлегені төлеген. Кезінде «Астана», «Рубинде» ойнаған бүгінде туланың «Арсеналында» жүрген серб шабуылшысы Джордже Деспотович сұхбат берді. Сол кезде өзінің «Жетісуда» ойнаған сәтін есіне алды. Айтады: «Таңғаламын, клубқа қыруар қаржы берді, жан-жақтан ойыншылар шақыртты. Біз керемет жалақы алдық, ал ойнап жүрген жеріміздің сапасы өте ұят жағдайда еді. Сонда олар бір жыл бойы легионерден бас тартып, ақшаны үнемдеп, бірінші инфрақұрылымын жақсартып, ойнайтын жерін жасап алмай ма, логика қайда?» деді. Бұл еуропалық футболшының айтып отырған сөзі. Шынымен ақыл-ойы дұрыс адам үшін қисынға келмейтін нәрсе. Бірақ біз соны істеп жатқан жоқпыз. Өкінішті... Сапалы ойын алаңдары керек. Ескі стадиондарымыз көп. Клубтарымыз көшіп-қонып жүреді. Оған біраз шығындалады. Бізде жергілікті облыс әкімдігі әр облыста стадиондарды 5 жыл сайын қайтадан күрделі жөндеуден өткізе береді. Кейбіреуіне 6 миллион еуроға дейін ақша жұмсалған. Елдер 16 миллион еуроға жаңа стадион соғып жатыр. Стадион салу мәселесі неге қиын екенін әлі күнге дейін түсінбей-ақ қойдық.    

– Қаржыны аяусыз шашып, келімсектерді көптеп алған клубтардың нәтижесін жылда көріп жүрміз. Ақшаны сөзсіз бөліп, көзсіз жұмсайтын басшылық нені ескеру керек, оларға қандай заң енгізіп, шара қолданған жөн? Таланттар шеберханасы саналатын «Тараздың» бүгінгі жай-күйін білесіз. Жеткілікті ақша бола тұра, қалай қарыздануға болады? Бұл бір клубтың ғана мәселесі емес.

– Иә, «Тараздың» да, «Ақжайықтың» да, «Шахтердің» де, «Жетісудың» да басында бар мәселе. Клубқа ақшаны бөледі, ал  команда директоры болып футболдан мүлдем хабары жоқ, өз деңгейіне сай емес адам отырады. Экономика жағынан әлсіз. Жалпы футбол менеджменті көптеген клубтарымызда ақсап тұр. Яғни, еуропалық футбол менеджментінен мүлдем хабарсыз. Мұрындарына иісі бармайды. Мысалға, «Жетісу» футбол клубы ол да қарызға батады. Келесі маусымда премьер-лигаға шығады, 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінер, команда 8-9 орын алып, өз орнын сақтаса сақтады, сақтамаса төменгі лигаға түседі. Ал сол кезде бөлінген қаржы игерілгенімен қоймай, клуб тағы қарызға батып кетеді. Бұл өте күлкілі жағдай. Демек, сол жерде менеджменті осал бола тұра клубты қарызға батырған адам, яғни клубтың басшысы неге тергеуге алынбайды? Сондай адамды тағайындамай тұрып облыс басшылығы неге ойланбайды? Немесе бір жұмысы әуежайдың бастығы болу, қосымша жұмысы клубтың директоры болу деген өте сорақы жағдай. Клубтың директоры күндіз-түні тыным көрмей жүгіріп жүріп жұмыс істеуі тиіс. Көрдіңіз бе, мәселе осында?! Мысалға, мен сияқты адамды, яғни футболдан хабары бар, еуропалық ұғымды білетін, ақшаны үнемдей алатын, футбол саласында жұмыс істеп келе жатқан білікті маман Ермұхамед Мәуленді «Жетісу» неге клубтың директорлығына шақырмайды? Өйткені әкімшіліктегілер өздерінің таныстарын тартады, сөйтіп былыққа батады. Ақшаны өздері жейді, содан келесі жылы жоқ адамды іздеп жүреді. Міне, мәселе?! Демек, түбі – жемқорлық.      

– Балалар футболына деген көзқарас та керемет дей алмаймыз. Тіпті, балалар футболы арқылы бюджеттің қаржысын шамалы болсын ұстап қалуға тырысқандарды да көрдік. Бұл жөнінде не айтасыз? Балалар футболын қалай реттей аламыз, жоғарғы деңгейге көтеру үшін қай тұрғыда көмек керек?

– Балалар футболы деген бұл үлкен мәселе. Елімізде  «Қайраттың» өз академиясы бар, Шымкентте мәселе жоқ, Таразда балалар футболы ежелден жақсы. Бізде осы Талдықорған, содан Петропавл сынды бірнеше облыста балалар футболы өте қиын жағдайда. Балалар футболынан ақша жеп жүргендерді білеміз. Балалар формасынан, яғни киім-кешектен, басқа облыстарға жарысқа баруынан ақша жымқырғандарды да көзіміз көрді. Оны шешудің бір амалы бар, ол – академия ашу. Жетісу, Алматы облыстарында неге бірде-бір академия жоқ? Былай қарасаңыз соны ұйымдастыру қиын да іс емес. Екі қабатты ғимаратты салу керек, ішінде бассейні бар, жаттығатын жері және жатын орны бар, сабақ оқитын жері және екі-үш алаңы бар болса жеткілікті. Одан басқа не керек?! Осыларды жасай алмағаннан кейін балалар футболы қалай дамиды? Балалар футболы дұрыс жолға қойылмай жатып ұлттық құрамамыз неге әлем чемпионатына шығу керек, неге қазақ футболы дамуы тиіс? Ойланыңызшы?! Футболшыларымыз оңбай ұтылады дейміз. Ал балалар футболына қолдау көрсетіп жатырмыз ба? Өте қиын жағдай.

«Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген тәмсіл бекер айтылмаған. Сөз шындықтан бұзылмайды. Осыған дейін сан түрлі додаларда коментатор болып, футбол саласының жілігін шағып, майын ішкен, ұлттық футбол саласы үшін жаны ауыра жанайқайын жеткізген Ермұхамед Мәуленнің бұл айтқаны ащы да болса ақиқат. Қазақ футболы әлемге шығу үшін оның тізгінін осы саланың майталман мамандарына, жанашырларына беру керек. Әйтпесе, бұл жыр ұзаққа созыла берері сөзсіз!

Әңгімелескен: Серік ҚАНТАЙ