ҮСТЕЛ ТЕННИСІ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Уақыты: 03.02.2023
Оқылды: 988

Әлемде кең тараған спорт түрінің бірі – үстел теннисі. Жылдамдықты, шапшаңдықты және ептілікті талап ететін спорт - елімізде де қарқынды дамып келеді. Қазір әр мекемеде, ауладағы алаңқайларда үстел теннисі бар. Бүгінде қызығушылар саны есепсіз болса, кәсіби түрде айналысып, биікті бағындырғысы келетіндер де көп.

Ойынды бастапқыда үйде, кішігірім алаңқайларда уақыт өткізу мақсатында ойлап тапқан болса, кейін қызығушылар қатары көбейіп, кәсіби спорт түріне айналған. Олимпиада ойындарының бағдарламасына 1988 жылы енген үстел теннисі көптеген жаңа есімді әлемге танытып, ойынның дәрежесін өсіріп тастады. Үстел теннисі негізінен энергияны көп қажет етеді. Мәселен, бір кезеңнің өзінде ойыншы 7 шақырым жаяу жүргендей күш жұмсайды. Тіпті, әуесқой ойыншының өзі минутына жүзге жуық соққы жасайды. Бұл көру қабілеттілігін жақсартып қана қоймай, ептілікті еселеп, шыдамдылық пен шеберлікті шыңдай түседі. Ойынның денсаулыққа пайдасы туралы жиі айтылады. Мысалы, буын ауруларының алдын алады, қан қысымды қалыпты ұстайды. Тұрақты түрде айналысқан адамда денсаулықтың жақсауры байқалып, оң өзгеріске бет бұрады.

Бүгінде елімізде үстел теннисін серік еткендер көп. Аудандық, облыстық жарыстардың өзі тартысты өтіп, ойыншылар уақытқа қарамай ойнап жатады. Бәсекелестік бар жерде сапаның артатындығы белгілі. Сондықтан да болар әр мектепте, мекемеде арнайы үстел теннисін үйрететін үйірмелер бар. Оған жазылып, кәсіби айналысқысы келетіндер жетерлік. Әр баланың арманына жол ашып, бағыт көрсету ­– кез келген ұстаздың мақсаты. Үстел теннисін үйреніп жүрген оқушылардың арасынан келешекте еліміздің абыройын әлемдік аренада көтеріп тастайтын кәсіби спортшы шығуын тілеймін. Бүгінде дайындық жоспар бойынша, уақытылы жүріп жатыр. Қауіпсіз және қолжетімді спорт түрі болғандықтан әр жанның үстел теннисін жиі болмасада аптасына бір рет ойнап тұруын қалар едім.    

Әнел АҚАТОВА,
№15 орта мектептің ұстазы
Талдықорған қаласы