ҚЫСҚЫ СПОРТ БАЗАСЫ САЛЫНАДЫ

Уақыты: 03.02.2023
Оқылды: 928

Жетісу өлкесі спорт саласынан республикада алдыңғы қатардан орын алып келеді. Түрлі байрақты бәсекеде ел намысын жоғары көтерген чемпиондармыз аз емес. Өткен жылы облыс екіге бөлінгеннен кейін спорттағы жағдайымызға алаңдаушылық болғаны рас. Осы жайын анықтау үшін Жетісу облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Алмат Үшкемпіровпен сұхбаттасқан едік.

Алмат Тоқтарбекұлы, әдетте біз спорттың даму деңгейін спортшылардың жетістігімен бағалап жатамыз, осы орайда бірқатар үздік спортшыларымыздың Алматы облысына ауысып кеткені қиындық туғызып жатқан жоқ па?

– Бұл сауалыңыздың жаны бар, өткен жылы Алматы облысы екіге бөлінгеннен кейін біраз спортшы Алматы облысына ауысты. Олардың басым көпшілігі Алматы маңайында жаттығу өткізіп жүрген спортшылар. Сонымен қатар ұлттық құрама сапында өнер көрсететін спортшылар да сол аймақтың сапында қалды. Оған өкінетін ештеңе жоқ, ол үшін аса қиналмаймыз. Бұрынғы таланттарымыздың жартысы Жетісу облысы сапында. Сондай-ақ, жас дарындар тағы бар. Бұрындары екінші, үшінші нөмірде жүрген мықтылар қазір бірінші орынға көтерілді. Солардың жолына үмітпен қараймыз. Өзіңіз жақсы білесіз, Жетісу облысы бұрын жеке-дара болып тұрған уақытта да әлемді аузына қаратқан спортшылармен мақтана алатын аймақ. Біз сол үрдісті қайта жалғаймыз және байрақты бәсекеде атой саламыз бар. Сондықтан жанкүйерлердің алаңдауына еш негіз жоқ.

Осы орайда тағы бір сауал туындап тұр. Көпшіліктің көкейінде спорттық ифрақұрылымдардың жағдайы, қысқы спорттық нысандардың Талғар ауданында орналасқаны белгілі. Жетісу облысында бұл мәселе қалай шешіледі?

Рас, қысқы спортқа арналған мектептер Талғар ауданында және халықаралық жарыстарды өткізетін шаңғы базалары да сол аймақта орналасқан. Өзіңіз білесіз, өткен жылы Жетісу облысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келген кезде облыста спорттық инфрақұрылымдардың санын арттыруды және қысқы спортқа қатты көңіл бөліп, арнайы база салуды тапсырған. Президенттің тапсырмасын іске асыру жұмыстары сол күннен бастап қолға алынды. Облыс әкімі Бибіт Исабаевтың тікелей қадағалауымен Текелі қаласының маңындағы «Теке-су» деген жерден шаңғы-биатлон базасын салуды жоспарға енгізді. Қазір құжаттық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл аймақ қысқы спортты дамытуға қолайлы. Мұнымен қоса Алакөл, Сарқан аудандарының да қысы ұзақ және таулы аймақтар қатарына енеді. Тағы бір айта  кететіні Алакөл ауданында Лепсі спорт интернатында қысқы спорт бөлімі жұмыс істейді. Аталған спорт-интернатынан шыңдалып шыққан спортшыларымыз қазір үлкен жарыстарда жақсы өнер көрсетіп жүр. Ұлттық құрама сапында өнер көрсететін Айша Рақышева деген қызымыз Лепсі интернатының түлегі екенін айта кеткім келеді. Сәтін салса тағы да чемпиондарымыз шығады.

  • 2022 жылдың шілде айынан бастап Жетісу облысының спортшылары барлық деңгейлі жарыстарда (халықаралық, республикалық, облыстық) 2 279 медаль (785 алтын, 792  күміс, 702 қола) жеңіп алды.
  • 17 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 87 спорт шебері, 372 спорт шеберіне кандидат және 129 бірінші разрядты спортшы дайындалды

Жағымды жаңалық екен. Ендігі жерде кадр мәселесіне тоқталсақ, жалпы қысқы спорттың мамандары солтүстік аймақта. Ертең аталған нысан ашылған жағдайда мамандарды тарту қалай орын алады?

Оныңыз рас, жақсы бапкерлерді әкелу ең қиын шаруа. Көбісі республикалық көлемде жұмыс істегенді және жоғары жалақыны талап етеді. Спорттың қай түрінен болмасын, өңірлерге талантты жаттықтырушыларды әкелу оңғайға соқпайды. Әйтсе де біз қол қусырып отырмаймыз. Жаттықтырушылардың келуін қазірден қолға алып жатырмыз, оларды ынталандыратын және жағдайын жасаудың жоспарын қарастырып, спорттық база дайын болғанда нақты шешім қабылдаймыз.

Сұхбатымыз бір ғана қысқы спортпен шектеліп қалмасын, жазғы спорттың жағдайы қалай? Бүгінгі күнге дейін облыста дене шынықтыру сауықтыру кешендері салынып жатқан. Бұл үрдіс ары қарай жалғасын таба ма?

Әрине, біз тоқтап қалмаймыз. Ел Президентінің «Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасына» сәйкес спорттық кешендердің тапшылығын жою мақсатында, спорттық инфрақұрылымды дамыту бойынша  жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта, 3 дене шынықтыру сауықтыру кешенінің (Алакөл ауданының Достық және Лепсі ауылдарында және Текелі қаласында) және 3 спорт кешеннің (Алакөл ауданы Бескөл ауылында 80 орынды, Панфилов ауданы Үлкен Шыған ауылында 90 орынды және Пенжім ауылында 100 орынды) және Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылына орталық стадион және Басши ауылында күрес залының құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.  Сарқан ауданындағы орталық стадионды қайта жыңғырту жұмыстары қыркүйек айынан жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, Талдықорған қаласындағы индрохоккейге арналған әмбебап спорт залына, Қаратал ауданы Үштөбе қаласы, Сарқан ауданы Сарқан қаласындағы ДШСК құрылысына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы бар. Бұдан басқа бірқатар ауданда салынатын спорт кешенінің құжаттамалары сараптамада жатыр, жуық арада оларға да оң шешімін беріп қалар. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 7 спорттық нысанның құрылысына ЖСҚ әзірлеуге конкурс жарияланды. Олар Талдықорған қаласындағы мектеп-интернат-колледждің жанына 50 орынды монша және кір жуатын бөлме, Талдықорған қаласындағы «Өркен» БЖСМ-нің жанынан блокті-модульді жаттығу залы, (баскетбол және волейбол спорт түріне), «№1 олимпиядалық резервтегі МБЖСМ» КММ-нің футбол-регби стадионның жанынан спорттық ғимарат,  волейболға арналған блокті-модульді спорттық кешен, спортшыларға арналған 40 орынды жатахқана, Талдықорған қаласында үстел ойындарына арналған орталық және Қаратал ауданы Көпбірлік ауылына блокті-модульді спорттық кешен салу жоспарға алынды. Жоғарыда аталған спорттық-инфрақұрылым желілерін дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ендігі жерде мына мәселені қозғасақ. Өткен жылы «Жетісу» футбол командасының үш ұпайын алып тастаған. Оның басты себебі, орталық алаңның және қосалқы стадионның сапасына байланысты. Бұл жағы қалай шешіледі?

 – Сізді де, футбол жанкүйерлерін де алаңдатқан мәселеге алдағы уақытта нүкте қойылады деп ойлаймын. «Жетісу» орталық стадионын қайта жаңғырту бойынша құжаттары мемлекеттік сараптамада. Шешімі шыққан бетте жұмысқа кірісеміз. Осы орайда «Жетісу» футбол командасының Премьер-лига сапына қайта оралғанын айта кеткім келеді. Жаз бойы жергілікті жанкүйерлер ел чемпионатында «Жетісу» футбол командасына қолдау көрсетететіні барлығымызға қуаныш деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Ришад Тұрғанбай