БІЛЕКТІЛЕР БӘСЕКЕСІ

Уақыты: 13.02.2023
Оқылды: 510

Талдықорғандағы агро-техникалық колледжде білектілердің сайысы өтті. Саламатты өмір салтын насихаттау, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану бойынша жыл басынан бері түрлі спорттық шара өтіп келеді.

Колледж студенттерінің спортқа деген ынтасы жоғары. Оны біз осы өткен жарыстан байқадық. Қол күресі жарысына ұсыныс білдіргендердің қатары көп болды. Нағыз апайтөс, білекті жігіттер сайысқа түсіп, жарыстың көрігін қыздырды. Топқа түскендердің барлығы да жеңіске деген жігерін көрсетіп, алтын жүлдеден дәмелі болды. Десе де, жеңімпаз біреу, нағыз мықты алға озып шықты.
Сонымен бірінші кездесуінен бастап, қарсыластарын қоғадай жапырған Ерасыл Құдайберген 1- орынды жеңіп алды. Ақтық сында сәл сәттілік жетіспеген Медет Әнуарұлы күміспен күптелсе, Әмір Айтжанов қолаға қол созды. Думан Жетпісбай жеңіске деген «Жігері үшін» атағына ие болды.

Алмас Ишанбаев,
агро-техникалық колледжі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі