ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Уақыты: 13.02.2023
Оқылды: 530

Кербұлақ ауданыҚызылжар ауылында ұстаздар арасында волейболдан еске алу турнирі өтті. Аталған жарыс Ж. Жапаров атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің ұстазы болған Серік Үрімжанұлын еске алуға арналды.

Ауылдың тумасы, мектептің ұстазы Серік Қожахметов дене шынықтыру пәнінің ұстазы болып қана қоймай, ауыл спортын да өрге сүйреді. Жоғары оқуды тәмамдап келген жас маман, ауыл жастарының басын қосып, «Достық» деген футбол командасын құрды. Ауылдан бірнеше команда шығарып, бір-бірімен сайысқа түсірді. Арасындағы үздік ойыншылар «Достық» командасы сапына еніп, аудандық чемпионаттарға қатысты. Осылай жастарды саламатты өмір салтына жетелеген білікті бапкер, ұстаз өмірден ерте кетті. Қысқа ғана ғұмырында көптеген шәкірт тәрбиелеп, ауылдың атын әйгілеуге үлес қосты. Серіктен тәрім алған спортшылар бүгінде республиканың түпкір-түпкірінде өнер көрсетіп, ел намысын қорғауда.
Жарысқа 16 команда жиналды. Барлығы да сақадай сай, турнирге тас түйін дайын келген. Сайыстың ашылу салтанатында мектеп директоры, аудандық кәсіподақ ұйымы және Серік Үрімжанұлының достары мен «Достық» командасында өнер көрсеткен әріптестері сөз сөйлеп, турнирдің маңыздылығына тоқталды. Салтанатты шарадан кейін жарыс басталып, нағыз қызықты ойын болды. Екі топқа бөлініп, сынға түскен командалардың ішінен 1-орынды Ж. Жапаров атындағы орта мектеп командасы жеңіп алды. 2-орынға Ж. Тобаяқов орта мектебі табан тіресе, 3-орынды  Жоламан орта мектебінің командасы еншіледі.  Сонымен қатар Арман Медетхан- ұлы, Әмина Ақылбекова, Елдар Сайлаубай, Асхат Бүтіншінов, Манас Ғазиз үздік ойыншы атанды. Жеңімпаздардың бәріне ақшалай және арнайы сыйлық табысталды.

ӘМІР  САНА