ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ТОП ЖАРДЫ

Уақыты: 25.02.2023
Оқылды: 1322

Теміртау қаласында суға жүзуден Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Аталмыш жарысқа еліміздің барлық өңірінен 21 команда құрамында 304 спортшы өз өнерлерін көрсетті. Олар өз жас мөлшерлері арасында енді-енді тәжірибе жинақтап жатқандар.

Жарысқа Жетісу облысының командасы да қатысты. Жерлестеріміздің бәрі бірдей жарқырап көрінбегенімен, арасында оза шауып бәйге алғандары да болды. Әсіресе, қыздар арасында сынға түскен Саида Елеместің мерейі үстем болды. Ол үш қашықтық бойынша күш сынасты. Саида 800 метрлік еркін жүзуде 10.00.00 секунд уақыт көрсетіп, күміс медальға ие болды. Ал, ол осы стиль бойынша 100 және 400 метрлік қашықтықта да бағын сынады. Көрсеткіш жаман емес, жүз метрді 1.03.46 секундта, ал төрт жүз метрді 4. 50.76 секундта жүзіп өтіп, осы екі қашықта да үшінші болып келді.

Ал, ер балалар арасында талдықорғандық Богдан Поддубный брасс әдісімен 50 қашықтықты үшінші болып аяқтады. Жас спортшыларымызды табыстарымен құттықтаймыз!

Алуа Оспанжан
Жетісу облысы