ЖАС БАЛУАННЫҢ ЖЕТІСТІГІ

Уақыты: 20.03.2023
Оқылды: 1413

Кілемге шықса сабырлы қалпынан ажырамай, ережені бек ұстанып, қарсыласының әр қадамын ақыл арқылы оқи отырып, өзі қарсы әдіске көшіп, ұпайды үстемелеп алатын балуан қашанда ерекшеленіп тұрады. Жиналғандардың қошеметіне кенеліп, жанкүйерлердің көз алдында өсіп-жетіліп келе жатқан жас балуандардың бірі – Диас Қалтай. 

Кейіпкеріміз 2004 жылы Кербұлақ ауданына қарасты Жаңалық ауылында дүниеге келген. Ауыл баласының ес білгелі белдесіп өсетін әдеті. Диас та солардың қатарынан. Бүгінде Талдықорғандағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы мектеп-интернат-колледжінің ІІ курс білімгері.

Алғашқы бапкері Сапар Көкебаевтан грек-рим күресінің әліппесін үйреніп бастаған балуанды бүгінде жеке бапкері Есхат Ахмадиев, облысымыздың белгілі жаттықтырушылары Азамат Көкебаев, Нұртай Нұрғалиев сынды азаматтар тәрбиелеп жатыр. Жаттығуда бапкерлер әр балуанмен жеке жұмыс істеп, әр күнді қызықты өткізуге тырысады.

Диас әр қатысқан жарысынан жүлделі келуді мақсат тұтып, сол жолда аянбай тер төгіп жүр. Күресті өзі үш сөзбен «Мақсат. Еңбек.  Нәтиже» деп түйді. Бұл еңбек арқылы сатылы жетістікке жету. Мақсаты – айқын. Жетістігі – күнделікті еңбектің нәтижесі. Жүйелі жаттығу – мақсатқа жақындау. Әр жеңіс, алған жүлдесіне бапкерлерінің айтқан ақылы, әр таңмен кешті жаттығумен өткізген сәті себеп.

Осы жолда кезіккен әр жанға айтар алғысы да шексіз. Қандайда бір жарыстың дуына түсетін сәтте әкесі мен анасының «саған сенеміз» деген сөзі қанаттандырып, рух береді. Қолдаушыларының жанашыр, тілеулес сөзінен кейін күш алған балуан кілем үстінде ойнақ салады. Кез келген адамның бойында өзі істеп жүрген жұмысына деген ренжуі, жалығуы сынды өткінші сезімнің болатыны анық.

Бұл тұрғыда жас балуан «мақсатымды ойлаймын, содан тез ес жиып аламын» дейді. Ел намысын әлемдік сында қорғап, мемлекет атын күллі ғаламға паш етуді мақсат етіп кеуде тұсқа мықтап орнатқан. Ерік-жігер, бойға деген рух осындай сезімдерден басталса керек-ті.

Диастың кілем үстіндегі күресіне тәнті болғандар көп. 2021 жылы Щучинскіде жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде 80 келіде қола, Ақтөбедегі Есенкелді Батырғаринді еске аулға арналған турнирде 77 келіде ІІ орынды алды. Бұл – балуан жетістігінің бастауы. Таяуда ғана аяқталған Талдықорғандағы жастар арасындағы ел чемпионатында алтын иеленді.

Бұл турасында өзі: «Әрине, әр белдесуім қиынға түсті. Чемпионат туған жерімізде болып жатқаннан кейін, намысты қолдан бермеуге тырыстым, залдағы әр жанкүйердің қолдауы сезілді», – дейді. Бойындағы ерлікті, өрлікті, биіктікті жоғалтып алмай, әдісін ақылға ұштастырып, тәжірибесін толыстырған балуанды келешекте әлемдегі жүлдегерлер тұғырынан көрсек. Оған тілекші жұрттың пейілі жәрдемдесері де хақ. Кез келген еңбектенген жанды жұрт сыйлайды, чемпионды құрметтейді. 

Серік ҚАНТАЙ