Регби: Қыздарымыз финалға жолдама алды

Уақыты: 27.05.2023
Оқылды: 781

Алматыда Регби-15-тен өтіп жатқан XII Азия чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы Гонконгты 27-23 есебімен ұтып, финалға жолдама алды. Чемпион 28 мамырда Қазақстан мен Жапония арасындағы матчта анықталады. 

Анна Яковлева баптайтын еліміздің регбишілері қазір әлем рейтингінде 19 орында. Жоғарғы дивизиондағы бәсекеге Қытай құрамасы соңғы сәтте қатыса алмайтынын хабарлаған. 

Жалпы әйелдер арасында регбиден сары құрлық бәсекесі 2006 жылдан бері өтіп келеді. Алғашқы чемпионатты Қытайдың Куньмин қаласы қабылдап, алаң қожайындары бас жүлдеге ие болған. Одан кейін Қазақстан 5 мәрте топ жарса, Жапония 4, Қытай мен Гонконг бір рет алтыннан алды.

Жылдың аяғында 1 дивизиондағы (жоғарғы дивизионнан кейінгі) Азия чемпионаты Үндістанда болады. Онда алаң қожайындары Филиппин және Сингапурден келген құрбыларымен сынға түседі. Айта кетейік, олимпиада бағдарламасына кірмейтін регби-15-те (15 адам ойнайтын) әр командада 26 спортшыдан болады. Әр тайм (2) 40 минутқа созылады.

Серік Қантай