"Бүкіл елімнің атынан шықтым": Отандасымыз джиу-джитсудан Әлем кубогында топ жарды

Уақыты: 06.06.2023
Оқылды: 672

Мамырдың 20-24 жұлдызы аралығында Бангкокта джиу-джитсудан Әлем кубогы өтті. 

ҚР Ұлттық ұланының Орталық өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта, отандасымыз Мәлік Байсұлтанов өз салмақ дәрежесінде чемпион атанғаны айтылған, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы. 

Төрт күнге созылған байрақты бәсекеде әлемнің 12 елінен жиналған спортшылар өзара бақ пен бабын сынасқан.

Жерлесіміз Мәлік Байсұлтанов 62 келіге дейінгі санатта төрт кездесу өткізіп, барлығында қарсыласынан үстем түскен.

Мен 62 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түстім. Татамидегі қарсыластарымның бәрі «сен тұр, мен атайын» деген жігіттер. Мынадай мықты қарсыластармен жекпе-жекке шығуым бірінші рет емес. Бүгін өз атымнан ғана емес, бүкіл елімнің атынан шықтым, - деді Мәліктің өзі.  

Айта кетейік, Ефрейтор Байсұлтанов қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6697 әскери бөлімінде жедел мақсаттағы батальон бөлімшесінде аға маман (аға жүргізуші) лауазымын атқарады.

Фото: ҚР Ұлттық ұланының Орталық өңірлік қолбасшылығы

El.kz ақпарат агенттігі