Ұлан Рысқұл: "Спортшыларымыз 1129 медальді қоржынға салды"

Уақыты: 08.06.2023
Оқылды: 780

Биыл біз тарихи кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Өткен тарих парақтарын ашпаған күннің өзінде облыс болғанына 1 жыл ғана болған Жетісу облысында көптеген өзгеріс бар. Саяси, әлеуметтік, экономикалық саланы былай қойғанда мен басшылық жасап отырған спортта да жағымды жаңалықты мақтанышпен жеткізе аламын.

Иә, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына басшы болып келгеніме де көп уақыт бола қойған жоқ. Десе де спорттық күнтізбені ақтарып қарасаңыз Жетісу спортшылары толайым табысқа қол жеткізіп келеді. Алда Олимпиада ойындары күтіп тұр. Бұл біз үшін үлкен сынақ. Сол үшін де тынбай еңбек етіп келеміз. Биыл жолдама алу жылы болып саналады. Сондықтан үміт артқан спортшыларымыз қазірден бастап, дайындықтарын күшейтіп, түрлі бәсекеде жеңіске жетіп, ұпайларын молайтуда. Мұны неге айтып отырмын, Париж Олимпиадасына үміткер деген спортшылардың барлығы жергілікті Жетісу жерінің саңлақтары. Олар өз жерінің, Қазақстанның намысын түсірмеу үшін шелектеп тер төгіп, бар күштерін сарп етуде. Бұлай айтуымның да астарында бір негіз бар.

Өткен жылы 8 маусымда Президентіміздің Алматы облысын екіге бөліп, жеке-дара Жетісу облысы болу жайлы Жарлығы шыққан кезде халық қалай болады екен деген алаңдаушылық болған. Әрине, ол заңдылық. Облыс экономикасының негізгі тетіктері Алматы облысына кетті, Жетісу облысына қиын болады деген әңгіме желдей есті. Осындай дәлелсіз сөздер спортшыларға да алаңдаушылық туғызғаны рас. Бірақ, өз жерінің патриоттары бірден шешім қабылдап, жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрген үздіктеріміз Жетісу облысында қалды.

Міне, сол ұл-қыздарымыз бүгінгі күнде облыстың намысын жықпай жеңіс тұғырынан қол бұлғап жатыр. Оның сыртында спорттық инфрақұрылымдардың саны артып, жаңа жобалар қолға алынды. Мәселен 1 жылдың ішінде бірнеше ауыл мен аудан орталықтарында блокты-модульді спорт кешендері бой көтермек. Талдықорған қаласында волейболға арналған жаттығу залы мен жатақхананың құрылысы басталды. Қысқы спорт түрін дамытуға тау шаңғы базасы бой көтермек. Демеушілердің есебінен үстел теннис орталығын салу жоспарға енді. Осының барлығы бір жыл ішінде атқарылған жұмыстар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір сөзінде саламатты өмір салтын насихаттап, спортқа баса назар аудару қажеттігін айтты. Осы орайда облыс әкімі Бейбіт Исабаев спорт саласына үлкен қолдау білдіріп, үлкен жұмыстарды қолға алды.

Әрбір спортшы мен жеке-дара сөйлесіп, спортшылардың жағдайын біліп, оларды үнемі қолдап отырады. Кездесу барысында көтерілген мәселелерге құлақ асып, спортшылардың оқу-жаттығу жиынын еркін өтізуіне мүмкіндік жасауды басты назарға алды. Соның нәтижесі ретінде аталған спорттық нысандардың құрылыс жұмыстары басталса, Талдықорған қаласындағы орталық стадионға күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Міне, Жетісу спортының 1 жыл ішінде ауыз толтырып айтатын жаңалықтар осы. Осындай ауқымды жұмыстың арқасында Жетісу спортшыларының сенімділігі артып, байрақты бәсекеде жанкүйерлерін қуантып жүр. Мәселен, жыл басынан бері облыста 600-ден аса бұқаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Сенім артқан спортшыларымыз облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардан 1129 медальді қоржынға салды. Бұл үлкен көрсеткіш және мұнымен тоқтап қалмаймыз. Біздің басты мақсат – Олимпиада ойындарында жүлде алу. Ол үшін Жетісу облысының да, спортшыларының да болашағы зор.
Осы орайда Жетісу халқын облыстың бір жылдық мерейтойымен құттықтаймын, алдағы күндеріміз жарқын болып қай салада болмасын жеңісті де жемісті күніміз көп болғай!

Ұлан РЫСҚҰЛ,
облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы