Қазақ күресінен Ақтау қаласындағы «Халық Аренада» Қазақстан чемпионаты аяқталды. Балуандар 16 салмақ бойынша (ерлер – 8, қыздар -8) мықтыны анықтады (20 команда, 500-ге жуық балуан қатысты). Үздіктер ұлттық құрамаға кіріп, алдағы уақытта ірі жарыстарда ел атынан сынға түседі.
Биылғы чемпионат UWW (Әлемдік күрес бірлестігі) әзірлеген Arena жарысты жүргізу қосымшасы арқылы өтті. Жеребе тарту автоматты түрде жүргізілді. Еліміздің 17 өңірімен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан үздіктер қатысты. Бабы келіскен, бағы жанған балуандар тұғырдың төрінен орын алды. Жетісулықтардың нәтижесі ойдағыдай болды дей алмаймыз. Тек қыздарымыз ғана жүлдегерлер тізіміне енді. Атап айтсақ, 56 келіде күрескен Ақнұр Асылбаева мен 60 келіде белдескен Жанель Набиева күміс жүлдегер болса, Армат Есқазиев (74 келі) үшінші орынмен шектелді. Басқа балуандарымыз үздіктер қатарына қосылмады.
Бүгінде «Qazaq kuresi» ассоциациясымен тікелей 20 федерация жұмыс істейді. Әлемнің 40-тан астам елінде қазақ күресінің өкілдігі бар. Жыл сайын түрлі деңгейде 800-ден астам жарыс өтеді. Енді қазақ балуандары жыл соңында Әзербайжанда өтетін Еуропа чемпионатында ж»не Астанада болатын «Дала қырандары» республикалық турниріне қатысады. Әр жарыс – ұлттық спорттың беделін көтеру мақсатында ұйымдастырылады.
Серік Қантай