Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында дзюдодан ел чемпионаты аяқталды. Жетісулықтар ел біріншілігінде 3 алтын, 2 күміс алып, жалпы жүлдені түгендеген тізімде үздік шықты. Әсіресе, қыздарымыз татамиде ерекше әдіс-айла көрсетіп, алтынды молынан алды.
Төрт күнге созылған жарысқа жалпы 463 спортшы қатысты. Олар 14 салмақ бойынша (ерлер – 7, қыздар – 7) өзара мықтыны анықтады. Ерлерден сынға түскендер ішінде жүлде алған жалғыз жетісулық – Дархан Қойбағаров. Ол 73 келіде финалға дейін жетіп, ақтық белдесуде маңғыстаулық Асқар Нарқұловқа жол берді. Жалпы жарыс жөнінде ұлттық құраманың бас бапкері Нұрбол Сүлейменов: «жеңіл салмақтағы бәсекелестік жоғарғы деңгейде болды. Көзге түскен жас балуандар, жүлдеге ілінген жаңас есімдер көп. Әлемдік рейтингте жоғары тұрған кей дзюдошыларымызды алдағы күндері болатын Токиодағы Гран-слам турниріне орай босаттық. Ал бүгін іріктеліп алған балалар міндетті түрде штатқа кіреді. Олардың аяқ алыстарын бақылаймыз, соған қарай мүмкіндік береміз», -дейді.
Бұл ел чемпионатында жетісулық қыздарымыз жарады. Кезек-кезек алтынды алқадай тағып, жеңісті жолды жалғастырып отырды. Әуелі 48 келіде күрескен Диана Буркеева финалда атыраулық Жібек Жақсыбайды жеңді. Одан кейін Нұрсұлу Ералиева алматылық Ғалия Тыныбаевадан айласын асырса, ауыр салмақтағы (+78 келі) Камила Берліқаш солтүстіктен келген Назгүл Маратованы жеңіп чемпион болды. Ал 70 келіде финалда өнер көрсеткен Мөлдір Нарынова алматылық Екатерина Токареваға есе жіберді.
– Дайындық өте жақсы өтті. Әр қарсыласымды жіті бақылап, соған сай әдіс-айла құрдым. Ел чемпионаты керемет деңгейде болды. Өткенде ғана Абу-Дабиде өткен Гранд-сламда күміс алдым. Енді екі аптадан кейін болатын Токиодағы гранд-сламда алтын алғым келеді, – дейді жетісулық чемпион Камила Берліқаш.
Чемпионаттың қорытындысы бойынша Жетісу облысы 3 алтын, 2 күміс алып бірінші орын алса, 3 алтынмен Ақтөбе екінші, 2 алтынмен Маңғыстау облысы үшінші болды.
Серік Қантай