«Жетісу-Жастар» командасының Ұлттық лигадағы қадамы сәтті басталды

Уақыты: 18.11.2023
Оқылды: 651

Осыған дейін волейболдан ел чемпионатының Жоғары лигасында жақсы нәтиже көрсетіп келген «Жетісу-Жастар» командасы биыл Ұлттық лигаға жолдама алған. Команданың элиталы деңгейде ойнауын құзырлы басқармалар да, ұйымдастырушылар да құптаған. Құрамындағы ойыншылардың басым бөлігі жергілікті жігіттерден жасақталған. Ал ұжымның Ұлттық лигадағы алғашқы қадамы сәтті басталды.

Павлодарда волейболдан ерлер арасында Ұлттық лиганың І-тур ойындары өтіп жатыр. «Жетісу-Жастар» командасы өз тарихында (Жалпы Талдықорғаннан алғаш рет Ұлттық лигада ерлер командасы ойнап жатыр) тұңғыш қатысып отыр. Алғашқы ойынын елімізге белгілі «Атыраумен» өткізіп, 3:1 (25:21, 30:28, 21:25, 25:20) есебімен жеңді. Бұл тарих парағына жазылатын айрықша жеңіс. Алғашқы жеңіс желпінтсе керек, екінші ойында «Ұшқын-Көкшетауды» да 3:2 (25:20, 16:25, 25:15, 22:25, 15:13) нәтижесімен ұтты. Одан кейінгі кездесулерде «Жайық» (Орал) пен «Павлодарға» есе жіберді. Ал кейінгі өткен ойында «Есілді» 3:1 (28:26, 27:25, 10:25, 25:18) көрсеткішімен жеңді. Енді турдың соңғы ойынын алматының «Буревестник» командасына қарсы өткізеді.

Еліміз егемендік алғанда Ұлттық құраманың бірінші капитаны болған Марат Адыршев жаттықтыратын команда жақсы ойынымен ерекшеленіп, жанкүйер ықыласына бөленуде. Қазанда Керекуде өткен Қазақстан Кубогындағы команданың ойыны көпке ұнаған. Нәтижесінде үздіктер ішінде 4-орын алды. Дәл қазір чемпионат кестесінде 9 ұпаймен 3-орында тұр. Команда қатарына жергілікті жастарымыздан бөлек, Ұлттық құраманың ойыншылары Қанат Ғабдулин мен Александр Шварцкопф қосылды. Команда 2016 жылы сол кездегі Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасы бойынша құрылды. Құрылғанда қабылданған жастар бүгінде команданың негізгі ойыншыларына айналды. Соның бірі команда капитаны ­­– Заңғар Дубеков. «Мықтылармен иық тірестіре отырып ойнау, өз деңгейіңді көрсету – кез келген спортшының арманы. Туған жеріңнің атынан шығып отырғаннан кейін, жеңіске жету жолында барыңды саласың» дейді Заңғар Дубеков.  

Серік Қантай