Футбол: Қазақстанның Еуропа чемпионатына шығуға тағы бір мүмкіндігі бар

Уақыты: 21.11.2023
Оқылды: 712

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Люблянада Словенияға жол беріп, Еуропа чемпионатына тікелей жолдама ала алмады. Ойында алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Ойынның бірінші таймында алаң иелері ұтып шықты. 41 минутта Ян Вороговский айып алаңында ереже бұзды. Бас төреші Марчиняк VAR қарағаннан кейін пенальти белгіледі. 11 метрлік нысанадан Шешко мүлт кетпеді.

Екінші таймды Магомед Адиев шәкірттері ширақ бастады. 48 минутта Максим Самородовтың айып алаңына асырған добын Рамазан Оразов Ян Облак қақпасының торында тулатты.

86 минутта Бенямин Вербич алаң иелеріне жеңіс сыйлаған голды соғып, Словения құрамасын Еуропа чемпионатына алып шықты.

Іріктеу қорытындысы бойынша "Н" тобындағы екі жолдаманы Дания мен Словения құрамалары иеленсе, 18 ұпай жинаған Қазақстан үшінші орынмен жарысты аяқтады.

Қазақстан құрамасының Еуропа чемпионатына шығуға тағы бір мүмкіндігі бар. Ұлттар лигасы арқылы тағы бір жолдамаға таласатын болады. 

Фото: KFF