Жылқы – ер қанаты. Оның қадірін атам қазақ әуелден білген. Тұрмыс-тіршілігі осы құйма тұяқтымен біте қайнасқан. Бұл күні құйысқанын тартып, ер-тұрманын реттеп жүретін жандардың қатары сиреп барады. Десек те көкпарға түсіп, аламан бәйгеде атжалын тартып мінген ауыл балаларының жылқыға деген құмарлығы бәз қалпынан таймақ емес.
Жомарт Молдахмет 7 – сыныпта оқиды. Әкемнің ізін жалғаушы жалғыз тұяқ өзіммін деп масаттанады. Жомартты мектебіндегілер көкпаршы, шабандоз бала ретінде таниды. Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын ол есін білгелі төрт түліктің айналасынан шықпай өсіп келеді. Жеткіншектің атқа деген құмарлығы айрықша. Сабағынан босай қаласа болды Кәлпе ауылының іргесіндегі үйіне барады. Тұлпарын сылап-сипап, жүгіртіп ермек етеді.
Жомарттың асау жылқыларды да үйрететін қабілеті бар. Достары оның аттан құлап жатсада қаймықпай қайта қарғып мініп алатынын айтады. Жас шабандоз алдағы уақытта көкпарға түсуге дайындық жүргізіп жүргенін бізге әңгімелеп берді. Ол болашақта даңқты көкпаршы болумен қатар, төрт түліктің санын арттыратын бақташы болуды да көздейтінін жасырмады.
Жомарттың әкесі темірден түйін түйген ұста. Шана, ат арба, жылқыға керек-жарақты құралдарды әп-сәтте дайындайды екен. Ал анасы құрт, қаймақ, май сынды төрт түліктен өндірілетін өнімдерді өз қолынан жасап базарда саудалайды. «Әкем мен анамның еңбегін көріп өскендіктен шығар, үнемі жұмыс істеп жүргенді жаным қалайды» – дейді жас өрен.
Медет ЖҰМАБАЙ