Жетісу облысының орталығындағы 18404 әскери бөлімінде десанттық-шабуылдаушы әскерлердің офицерлік үш сайысы өтті. Алматы, Қонаев және Талдықорған қаласындағы десантшылардың басын қосқан жарыста ПМ-3 табельдік қаруынан ату, суға жүзу, қашықтыққа жүгіру бойынша кіл мықтылар анықталды.
ПМ-3 табельдік қаруынан ату 18404 әскери бөлімінің алаңында өтсе, суға жүзу олимпиадалық типтегі орталық жабық бассейнде, ал, қашықтыққа жүгіру Жетісу орталық стадионында ұйымдастырылды.
– «Офицерлік үш сайысқа ер мен әйел әскери қызметшілер жас ерекшелігіне қарай бөлініп қатысты. Үміткерлердің барлығы жарысқа жақсы дайындықпен келген әрі деңгейлері де өте жоғары. Сайыс аяқталғаннан кейін оқу-жаттығу жиынын өткізіп ҚР ҚК чемпионатына дайындық жүргізетін болады», – деді ҚР ҚК ДШӘ қолбасшы басқармасы жауынгерлік даярлық басқармасының бағыт аға офицері, майор Марат Ағамбаев.
Көрермен қауымның делебезін қоздырып тартымды да тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша командалық есепте әріптестерінен оқ бойы озып шыққан 32363 әскери бөлімнің шабандоздары 1-ші орынға, 18404 әскери бөлімнің сайыскерлері 2-ші орынды иеленсе, 3-ші орынға 61993 әскери бөлімнің үміткерлері жайғасты.
Жеңімпаздар Жетісу орталық стадионында өткен қорытынды шарада арнайы кубок және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айдын КӘЛІМХАН