РЫБАКИНА ЖАРАҚАТЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ЖАРЫСТЫ АЯҚТАДЫ

Уақыты: 21.06.2024
Оқылды: 283

Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Берлин (Германия) WTA 500 турнирінің жартылай финалына шыға алмады.


Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші әлемдік рейтингіде кезінде көш бастаған, қазіргі кезде 19-орында тұрған Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен сынға түсті.

Қарсыластар осыған дейін төрт рет кездесіп, бәрінде Рыбакина жеңген еді. Соның ішінде биыл Майами WTA 1000 жарысының жартылай финалында 6:4, 0:6, 7:6 (7:2) есебімен ұтқан болатын.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 1:1 болған мезетте Азаренко брейк жасай білді. Есеп 1:3 болған кезде Рыбакина медициналық көмекке жүгініп, матчты жалғастырудан бас тартты. Небәрі 20 минутқа созылған бәсекеде қазақстандық спортшы 2 эйспен көзге түсті.

В.Азаренко финалға шығу үшін әлемнің 3-ракеткасы, тағы бір белоруссиялық Арина Соболенко немесе рейтингіде 24-сатыдағы ресейлік Анна Калинскаяның қай жеңгенімен шеберлік таластырады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның алғаш рет Берлин турнирінің ширек финалына өткенін жазған болатынбыз. Сондай-ақ Бирмингем турнирінде Юлия Путинцева ширек финалға жолдама алды.