ЖАСТАРДЫ ЖЕТЕЛЕГЕН "АЙҚАРАКӨЗ"

Уақыты: 22.06.2024
Оқылды: 277

Ел волейболының дамуына өзіндік үлес қосып, үш маусым ішінде чемпионатта тыңнан түрен салған командалардың бірі – «Айқаракөз». Жетісулық жас қыздардан жасақталып, болашағынан мол үміт күттіретін ойыншылардың тәжірибе жинап, өзін қалыптастыруына команда айтарлықтай көмектесті. Осы бір қысқа аралықта «Айқаракөз» жанкүйер жадында ерекше ойынымен сақталары анық.


Жаңа маусымның басталар тұсы жақындағанда «Айқаракөз» командасының жабылатындығы ресми мәлім болды. Бұл жөнінде «Жетісу» волейбол клубының директоры Нияз Жантілеуов «Бірінші кезекте облыстағы экономикалық жағдайға байланысты бюджетті үнемдеу жұмыстары жүріп жатыр. Сол себепті Ұлттық лигада екі команданы қаржыландыру мүмкін болмай тұр. Ал екінші жағдай  ұлдар командасының Ұлттық лигада ойнауы және оларға да талап қойылып отыр. Сол талапты орындау үшін барын салып жатыр. «Айқаракөз» – жанкүйерлер ықыласына бөленген команданың бірі. Ойыншыларды іріктеу жағынан да жақсы көріне білді. Бұл бізге де өте ауыр тиді», – дейді. Рас, «Айқаракөз» талай таланттың танылуына жол ашты. Облыстағы негізгі команда саналатын «Жетісуға» ойыншыларды лайықты түрде ұсынып, тіпті ұлттық құраманың намысын қорғайтын деңгейге дейін өсірді. 

«Айқаракөз» 202122 жылғы маусымда ресми Ұлттық лигаға қосылды. Бірінші ойынын Қазақстан кубогы аясында «Ару Астана» командасына қарсы өткізіп, 3:0 есебімен жеңді. Ал команданың құрылуына тікелей себепші болған сол кездегі Алматы облысының әкімі Амандық Баталов. Өз сөзінде саясаткер «Қыздарымыз өз жастары бойынша Қазақстан чемпионы болды. Кезең бойынша өсіп келе жатқаннан кейін жоғары деңгейді де көргенін қаладық және бастысы, жеңімпаз болған жастарымызды шашыратып алғымыз келмеді. Көз алдымызда өскеннен кейін нәтижесін де көрейік дедік. Бәрі өзіміздің қыздар», – дейді «Qazsport» арнасына берген сұхбатында. «Айқаракөз» өз тарихын жеңіспен бастап, дәл сол үрдіспен жеңімпаз есебінде аяқтады. Ел чемпионатына қосылмас бұрын 2021 жылы Ферғанада (Өзбекстан) өткен Орта Азия кубогының финалында Өзбекстанды жеңіп, чемпион болды. Сол кезде команданың үш ойыншысы – Мария Гардер (сапалы ойыншы), Зарина Мубаракзянова (үздік ойыншы) және Таңнұры Данабек (үздік тосқауыл қоюшы) үздік деп танылды. Ал «Айқаракөз» соңғы маусымын сәтсіз аяқтағанымен (ел чемпионатында 9-орын), биыл сәуірде Түркістанда болған қосалқы құрамдар арасындағы (U20) ел чемпионатында жеңіске жетті. Шешуші ойында «Берел-2» (Шығыс Қазақстан облысы) командасын ұтты. Осылайша жеңіспен басталған жоба жеңіспен аяқталды. Бастысы, талай ойыншы өз ойынын қалыптастырды. Нүкте сәтті қойылды.    

Бастапқыда «Жетісу-2» болып ойындарға шығып жүрді де артынша аты «Айқаракөзге» ауысты. Бұл жөнінде сол кездегі Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарған Нұрбақыт Теңізбаев «Командада жетісулық қаракөз қыздарымыз көп болды және олардан да үлгі алып, ізін қуып өсіп келе жатқандар бар еді. «Айқаракөз» деп басшылыққа, командаға ұсынғанымызда бірден қабыл алды. Сол атау команданы да, командада жүрген қыздарды да ерекше көрсетіп тұратындай еді» деп жауап берді сұрағанымызда. 

Команда құрылғанда-ақ мақсаты айқын еді. Ол – жас ойыншылардың жолын ашу, тәжірибесін өсіріп, «Жетісуға» ұсыну. Үш жыл ішінде «Айқаракөз» бұл міндетті толық орындады. Талдықорғандық Юлия Якимова 20 жасында 2023 жылы Тайландтың Накхонратчасима қаласында өткен Азия чемпионатында ұлттық құраманың намысын қорғады. Сол кезде Юлия тілшімізге берген сұхбатында «Есте қалатын ерекше сәт. Ұлттық құрамаға алғаш шақырту алғандағы сезімімді айтып жеткізе алмаймын. Халықаралық аренадағы үлкен тәжірибе. Атмосфера басқа. Ойын да әлдеқайда жылдам. Өте қуаныштымын» деп айтулы сәтпен бөліседі. «Айқаракөз» қанаттандырып, «Жетісу» жетістікке жетелеген Якимова биыл өткен AVC Challenge cup турнирінде сары құрлық волейболшыларының ішінен үздік тосқауыл қоюшы болып танылды. Бұл – нәтиже!  Ұлттық құрамаға қабылданған «Жетісу» мектебін көрген алғашқы ойыншы Катерина Татко болса, артынша Татьяна Никитина, Томирис Сағымбаева, Юлия Якимова сәтті жалғастырды. Бүгінде жастар арасындағы (U20) ұлттық құраманың мүшелігінде Аяулым Тұрдыханова, Әдемі Тәжіғұл, Мерей Ақжолтай, Яна Рахматуллина, Аяулым Құмарбекқызы сынды «Айқаракөз» шыңдаған қыздарымыз бар. 

«Айқаракөз» сапында тек бір маусымда ғана легионерлер ойнады. 202223 жылғы маусымда үш бірдей легионер Кристина Казецкая (Белоруссия), Анастасия Мерцалова (Әзірбайжан) және Анастасия Секулич (Сербия) болды. Оған себеп, «Айқаракөз» сапындағы жас қыздардың басым бөлігі «Жетісуға» ауысып, өздерін бір маусым сынап көрді. Ал қалған екі маусымда жергілікті ойыншылармен бірыңғай қазақстандық ойыншыларды жинады. Былтырғы маусымда «Алтай» (Өскемен қаласы) мен «Айқаракөз» ғана легионерсіз чемпионатты бастап, солай аяқтады. Маусым басында «Айқаракөзге» қабылданып, чемпионаттың ортасында «Жетісуға» ауысқан Перизат Нұрбергенованың да ұлттық құрамаға қабылдануына команда үлес қосты. Ал жаңа маусымда «Айқаракөздің» екі ойыншысы Зарина Мубаракзянова мен Мария Гардер «Жетісу» сапына ауысса, Жанель Қоңырова, Ольга Цой, Динара Сатыбаева, Әмина Сәулебаева жағажай волейболында облыс намысын қорғайды. Одан бөлек, жастарымыз «Жетісудың» екінші командасында бақ сынайды. 

– «Айқаракөз» ерекше ойынымен, әсіресе, жас қыздарымыздың талаптылығымен есте қалды. Әрине, өкінішті. Бірақ кейін қайта құрылып, жас қыздарымызға мүмкіндік сыйлайды деген ойдамын, – дейді волейбол жанкүйері Ерлан Азамбай. «Айқаракөз» ешкімге ұқсамайтын өз сүрлеуі, өз бағыты бар команда бола білді. Волейбол жанкүйерлерінің қошеметі мен сүйіспеншілігіне ие болған ойыншылары да жоқ емес. Әлия Батқұлдина, Әлия Садықова, Бота Уатаева, Дана Сайлибекова сынды қыздар «Айқаракөздегі» ойынымен талай фанаттың есінде қалды. 

Биыл Талдықорғанда еліміздегі тұңғыш волейбол базасы пайдалануға беріледі. Үш қабатты спорт базасымен қатар клуб ойыншылары мен жаттықтырушыларына арналған төрт қабатты жатақхана да қасында дайын (41 бөлме бар). Келешекте жас ойыншыларымыз ел чемпионы болып, «Айқаракөз» қайта құрылар.

Серік ҚАНТАЙ