«Aula Fit» жобасы аясында спорттан жарыс өтті

Уақыты: 05.07.2024
Оқылды: 250

Талдықорған қаласында «Aula Fit» жобасы аясында спорттың бірнеше түрінен жарыс өтті.

Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бұл жоба мамыр айында басталған болатын. Шаһардағы «Мүшелтой» шағын ауданындағы №35 үйдің ауласында өткен жарыс алдағы уақытта қаладағы барлық аулаларда жоспарлы түрде өткізілмек.

Қалалық спорт бөлімі басшысы Жаннұр Әбішевтің айтуынша, осымен 16-шы рет ұйымдастырылып отырған бұл жолғы жарысқа 300-ден астам тұрғын қатысқан. Жалпы «AULA FIT» жобасы аясында биыл Жетісу облысының орталығында 100 спорттық шара өткізу жоспарланған. Жобаға сай алғашқы жарыс балалар арасында өткен болатын. Онда көңілді эстафета, футбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шашки және турникке тартылу сияқты спорт түрлері қамтылған. Жобаның басты ерекшелігі сол жарысқа жас ерекшеліктеріне қарамастан барлық тұрғындардың қатысуына болады. Онда ұлттық спорттың бірнеше түрі бойынша барша қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.

– «Спорт денсаулық кепілі. Бүгінде қаламызда көптеген спорттық нысандар жұмыс жасауда. Онда спортты жанына серік еткен әр азамат спорттың кез келген түрімен жаттығуына болады. Сонымен қатар шаһарда көптеген жаттығу және аулаларда спортық алаңдар салынуда. Бұл аймақ тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстанып, балаларды жастайынан спортқа баулуға мол мүмкіндік береді», – дейді спорт бөлімінің басшысы.

                                                                   Айдын КӘЛІМХАН