Ел волейболының келешегі. Бүгінгі қадамына, ойынына қарап осындай баға беруге болады. Бұл пікірді волейболды тамашалап жүргендер де қуаттайды деп ойлаймын. Өйткені, 20 жастағы Перизат Нұрбергенованың былтырғы маусымда «Жетісудағы» ойыны көпшілік көңілінен шықты.
Әсіресе өткен маусымдағы плей-офф матчтарында ерекше ойын көрсетті. Филиппиннің Манила қаласында мамырдың аяғында өткен «AVC Challenge cup» турнирінде Қазақстан құрамасының қатарында алғаш рет алаңға шығып, күміс жүлдегер атанды. Бұл жетістіктің басы ғана болса керек.
– Ұлттық Құрамаға шақырту алғандағы сезімің және ең бірінші болып кімге айттың, қалай бөлістің?
– Наурызда Түркістан қаласында плей-офф ойындары аяқталып, үйге қайтып бара жатқанда Ұлттық құраманың бапкері, ресейлік маман Ришат Гилязутдинов хабарласып, Астанада өтетін оқу-жаттығу жиынына шақырды. Әрине, қуанышымда шек болмады. Тіпті жылап та жібердім. Мені әлі шақырмайды деп ойладым. Өйткені жоғарғы деңгейде ойын көрсетіп жүрген мықты волейболшылар болды. Ал қуанышымды бірінші кезекте әкем мен анама айттым. Олар да қатты қуанды.
– Ұлттық құрамадағы атмосфера...
– Кішкентай кезімде осындай ірі жарыстарда, жанкүйерлер толы залда ел намысын қорғауды қатты армандайтынмын. Сондықтан да болар, бірінші күннен Ұлттық құраманың атмосферасы ерекше әсер етті.
– Ұлттық құрамадағы алғашқы ойыныңа тоқталсақ (Бірінші ойынын 22 мамырда Вьетнамға (1:3 - 14:25, 19:25, 25:14, 23:25 жеңілді) қарсы өткізді. Перизат 4 сетте Маргарита Бельченконың орнына шықты).
– Ұлттық құраманың жейдесінде алғаш алаңға шыққанда қобалжыдым. Бапкер де қолдап, қанаттандырды. Қандай жағдай болмасын, бір ұпай болсын алуым керек деген мақсат болды. Оны орындай алдым деп ойлаймын. Әрине, қателіктер болды. Бірақ әр істен бір нәтиже шығарып, қорытынды жасап отырдым. Бірінші кезекте алаңға шыққанда үлкен жауапкершілікті сезіндім.
– Неге 1-нөмір, таңдау қалай түсті?
– Алғаш «Алтай 3» командасына алғанға дейін 8-нөмірмен ойнағанмын. Ал мен қабылданып жатқанда ол жейде бос болмады да, 1-нөмірді таңдауға тура келді. Содан бері бой үйреніп, өзім де жақсы көріп қалдым.
– «Жетісу» командасымен жаңа маусымға алғашқы болып келісімшартты ұзарттың. Не күтесің?
– Бұл жерде, бастысы, даму бар.Тек жеңіс үшін ойнаймыз. Мақсатымыз айқын. Өткен маусымдағы сәтсіздіктен сабақ алдық, енді қорытынды шығаруымыз керек.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Серік ҚАНТАЙ