«Париж-2024» Олимпиада ойындарының қола медаль иегері, ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Спорттық командасын даярдау орталығының әскери қызметшісі ефрейтор Назым Қызайбай елге оралды.
Күллі әлем елдері көз тіккен дүбірлі додадан жүлдемен оралған қазақ қызын күтіп алуға дүйім ел жиналды. Назым Қызайбайды Алматы қаласының халықаралық әуежайында Динамо спорт қоғамы, Ұлттық ұланның «Оңтүстік»» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, ата-анасы мен ет жақындары, жанашырлары және БАҚ өкілдері мен жанкүйерлері күтіп алды.
Назым Қызайбай бокстан Қазақстан әйелдер командасының үздігі. Париж төрінде 50 келі салмақта қарсыластарымен жұдырықтасып үздіктер қатарынан көрініп, бой түзеді. Көк туымызды көкке желбіретіп, ел мерейін асқақтатқан спортшыға ел-жұрттың алғысы, қошемет – құрметі де соған лайықты ерекше болды.
Спортшыны қызымызды халықаралық әуежайдан күтіп алу шарасына өнер адамдары да қатысты. Қызын құрметтеген халық уақытпен санаспай жеңімпазға алғысын білдіре отырып жігерлендіре түсті. Ұлттық құндылықтарымыз насихатталып, ұлттық тағамдарымыздан бауырсақ ұсынылып, тәттілерден шашу шашылды. Қуанышқа ортақтасқан ағайын құшақ-құшақ гүлдерімен келіп, шын жүректен табыстады.
– Міне, олимпиададан оралып отырмыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай қарсу алу өте керемет. Жалпы олимпиада жақсы өтті. Жаттықтырушым бар, жақсы дайындалып қолаға қол жеткіздік. Өте қуаныштымыз. Халықтың ерекше күтіп алуының арқасында жеңіске жеткенімді енді сезініп жатырмын. Қазақстанның қолдауын өте жақсы сезіндім. Ата-анам жақындарым, әкемнің ауылдастарының қолдауы қатты сезілді. Тек Қазқастан емес Италия елінің де қолдауын сезіндім. Сонымен қатар «Динамо» спорт қоғамы мен Ұлттық ұлан ұжымына да алғысым шексіз, - дейді Назым Қызайбай.
"Жетісу-Ақпарат"