Талдықорғанда тоғызқұмалақтан 9,11,13 жастағы ұлдар мен қыздар арасындағы республикалық жеке чемпионат өтті. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен 400 спортшы қатысып, зияткерлік ойыннан шеберліктің шыңын бағындыруға тырысты.
Жетісу жерінің екі өрені – Шалқар Нұрлан (9 жасқа дейін жасөспірімдер арасынан) мен Айдана Аманғали (13 жасқа дейінгі қыздар арасынан) Қазақстан чемпионы атанса, Ұлжан Ержанқызы 13 жасқа дейінгі қыздардың арасынан жүлделі үшінші орынды иеленді.
Өңірдің атын биікке шығарған Шалқар Нұрлан 9 жаста. Көпбалалы отбасынан шыққан жеткіншек Талдықорғандағы №15 орта мектептің 3-сынып оқушысы. Мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Жалғас Жұмасілов өткізетін тоғызқұмалақ үйірмесіне 2-сыныптан қатыса бастапты. Қысқа уақыттың ішінде жақсы нәтиже көрсеткен Шалқар қалалық, облыстық, республикалық біріншіліктерден 16 медаль мен 16 диплом еншілеп үлгеріпті.
Өткен чемпионатта жарыс бағдарламасының барлық түрі бойынша сынға түскен жас ойыншы Шалқар классикалық тоғызқұмалақтан 9 қарсыластың алтауын ұтса, рапид бойынша 4 ойын жеңіп, 4 ойыннан ұтылды және бір ойынды тең аяқтады. Ал, уақыт есептеп ойнағанда 8 қарсыласын түгел жеңіп, жеңімпаз екенін көрсетті. Жарыс нәтижесі бойынша жерлесімізге «спорт шеберлігіне кандидат» атағы берілді.
Аптасына 3 рет өтетін үйірмеден бөлек уақытының басым бөлігін тоғызқұмалақ ойнаумен өткізетін Шалқар шеберлігін 5-сыныпта оқитын әпкесі Айыммен бірге ұштайды. Тоғызқұмалақпен 3-сыныптан достасқан әпкесі 1-дәрежелі спортшы. Бір үйдің балалары тоғызқұмалаққа құмартқаны соншалық, интернет пен телефон қарауға уақыт таппайтынын аналары Лаура Мамырбекқызы айтады. Шынында зияткерлік спорт балалардың тәртібі мен біліміне тікелей әсер ететінін республика чемпионы Шалқардың ұстазы Гүлжан Суанбекова растайды.
Ағайынды Шалқар мен Айымның асыл арманы – тоғызқұмалақтан әлем чемпионы болып, Қазақстан Республикасының көк байрағын күллі дүниеге паш ету.
Армандарыңа жетіңдер, ағайындылар!
Өз тілшіміз