АЛАШТЫҢ МЕРЕЙІН ӨСІРДІ

Уақыты: 16.09.2024
Оқылды: 221

Бір апта бойы ел астанасында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өз мәресіне жетті. «Көшпелілер әлемі» этноауылында доданың жабылу салтанаты өтіп, 2026 жылы өтетін Көшпенділер ойынының эстафетасын Қырғызстан еліне аманаттады. Жалпы жарыс 21 спорт  түрі бойынша өтіп, оған 89 елден 2500-ге жуық спортшы қатысты. Өз кезегінде Қазақстан спортшылары 112 медаль (43 алтын, 32 күміс, 37 қола) алып, кестеде көш бастады.


Елімізден бөлек шет елдік БАҚ өкілдері де көп болды (933 еліміздің, 352 шет елдің журналистері аккредитация алған). Танымал «Euronews» телеарнасының сайтында жарық көрген мақалада «Спорттық шараға қатысып жатқан елдердің географиясы сан алуан. Оған көшпенділер дәстүріне қатысы жоқ мемлекеттердің өкілдері де жиналған. Мысалы, Аустралиядан бастап Канадаға дейінгі, Оңстүстік Африкадан бастап Ұлыбританияға дейінгі аралыққа орналасқан елдердің спортшылары бақ сынады. Бұл ойындардың ауқымы кеңейіп жатқандығын көрсетеді» деп ерекше атап өтті. Одан бөлек, CNN, BBC, Euronews, CCTV, Rai, CBC TV, Balkan Trip TV, TRT Turk телеарналары, National Geographic, Agence-France Presse (Канада), Lonely Planet, Nikkei Asia жарыс ортасынан ақпарат таратты. 

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – дәстүрлі этноспорт түрлерін және мәдени мұраны сақтап, дамытуға бағытталған ірі халықаралық спорттық шара. О баста 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады деп жоспарланса, шет елдіктердің ұсынысымен дәстүрлі садақ атудан қосымша «пұт», «қалқан» және «жамбы» нысаналарын көздеу бойынша қыздар сайысы қосылып, медаль жиынтығы 100-ге жетті.

Алғаш рет 2014 жылы Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында (10 спорт түрі бойынша 19 елден 583 спортшы қатысты) өтті, одан кейін де дәл осы жерде екі рет (2016 жыл – 26 спорт түрінен 62 елден 1 200 спортшы; 2018 жылы  37 спорт түрі бойынша 82 елден 2 000 спортшы) болды. Ал 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өткен Көшпенділер ойындарында 13 түрі бой­ынша 102 елден 3 000 спортшы сынға түсті. Анадолы елінде өткен жарыста Қазақстан құрамасы 3 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль алды. Сол жылы Көшпенділер ойынында көкпардан Қазақстан құрамасы жеңімпаз болды. Финалдық ойында Қырғызстан құрамасын 4:3 есебімен жеңді. Одан бөлек, қазақ күресінен 60 келіде Марат Нығматуллаев, 65 келіде Зарина Сарипова чемпион атанды. Биыл рекордтық нәтижеге қол жеткізіп 43 алтын алды. Жалпы есеп бойынша екінші орынды Қырғызстан (65 медаль – 19 алтын, 21 күміс, 25 қола), үшінші орынды Ресей (49 медаль – 12 алтын, 12 күміс, 25 қола) алды.

Жабылу салтанатында сөз сөйлеген Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов «Байрақты бәсеке ұлттық спортымызды ұлықтап, салт-дәстүрімізді дәріптеп, мәдени мұрамызды төрткүл дүниеге әйгілеген бірегей оқиға ретінде тарихта қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен қазақ топырағында ұйымдастырылған Көшпенділер ойындары – мәні терең, мазмұны бай бірегей жоба. Оның түркі әлемінің алтын бесігі – Қазақ жерінде жалауын желбіреткені – біз үшін зор мәртебе әрі шын мақтаныш», – деп атап өтті. 

Серік ҚАНТАЙ